Президент Әкімшілігінің жаңа басшысы Мұрат Нұртілеу кім?

Dalanews 04 ақп. 2022 02:45 1949

Қаңтардағы оқиғадан кейін мемлекеттік қызмет саласында күн сайын кадрлық ауыс-түйістер орын алып жатыр. Басшылардың тағайындалуына қатысты жарлықты жіті бақылап отырған журналистер қауымы мен қоғам белсенділері лауазымды қызметтерге тағайындалып жатқан шенеуніктердің қайсысы Тоқаевқа жақын, қайсысы қазақ тілінде еркін сөйлейді, бұған дейін қандай қызметтерді атқарғандарын жарыса жазуда.

Жаңа Қазақстанның жаңа саяси тұлғаларының ішінде Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған Мұрат Нұртілеуге қатысты интернет желісінде мәліметтер мүлдем жоқтың қасы. DalaNews.kz тілшісі желіде жазылып жатқан пікірлерге қысқаша шолу жасап, Мұрат Нұртілеу кім деген сұраққа жауап іздеп, онымен әріптес болған бірнеше адамға хабарласып, пікір сұрап көрді.

 

Алматыда туылып, ауылда өскен


Аты-жөні жасырын қалуды өтінген Мұрат Нұртілеудің танысы бізге шенеуніктің отбасы туралы айтып берді. Инсайдердің сөзінше, ол қарапайым отбасында өмірге келіп, тәрбиеленген. Алматыда туғанымен, ауылда өскен. Әкесі – инженер, денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз болғандықтан, зейнеткерлікке ерте шыққан. Анасы қазіргі Абай атындағы  ҚазПУ-де ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып және бұдан басқа екі жерде жұмыс істеп, балаларына сапалы білім, тағылымды тәрбие берген қайсар жан.

«Мұратты бұрыннан танимын, оның әке-көке» дейтіндей ешқандай танысы да, тіреп тұрған туысы да жоқ. Ауылды ешқашан ұмытқан емес. Мүмкіндігіне қарай ауылдастары мен сыныптастарына көмектесіп те тұрады. Сенатта бірден көшеден келіп бастық бола салған жоқ. Біртіндеп, сатылап өсті. Аппарат басшысының орынбасары болды, кейін Сенат аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды.

Сыртқы істер министрлігінің хатшылығын да басқарды. Дипломатиялық тұрғыдан барлық сатылардан өтті деуге болады. БҰҰ-ның Азия және Африка елдері жөніндегі департаментімен тығыз жұмыс істеген. Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрінің баяндамаларының аналитикасын жазумен де айналысатын. Жалпы алғанда, өте кәсіби жас дипломат. Мен оны «до мозгов костей государственник» дейтін едім. Негізі, ол мықты өсті» дейді.


Әріптестерінің айтуынша, ол қызметте өте талапшыл. Женевада БҰҰ-ның көптеген салаларымен, жергілікті жас мамандармен байланыс орната білген. Жергілікті билік өкілдері мен өзге де Халықаралық ұйымдардың БҰҰ-мен байланыс жасайтын секретариаттары арқылы жақсы қарым-қатынастар мен байланыс орната білгенінің арқасында елімізге тиімді көптеген келісімдер мен пайдалы келіссөздерге қол жеткізген көрінеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының басшылығымен Ядролық қарусыздандыру және таратпау жөнінде конференцияны ұйымдастыруға тікелей араласқан. Женевадағы GCSP деген ұйымның тұрақты мүшесі, алқа мүшесі болып, қауіпсіздік бойынша жұмыстар атқарған.

 

Тоқаевпен жолы қалай түйіскен?


Мұрат Нұрланұлының ҚР Сыртқы істер саласына қызметке келуіне Қасым-Жомарт Кемелұлы тікелей ықпал еткен. Мемлекет басшысы Мұрат Нұртілеуді жас маман кезінен білген десек болады. Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа шақырылғанда Мұрат Нұртілеу жаңадан оқу бітірген жас маман еді.

Ол ҚазҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетінде қойылған «бронь» арқылы іріктеуден өткен он азаматтың бірі. Олардың арасында Ержан Ашықбаев, Франкфурттегі Ермұхамед Қоныспаев, ҚР Президенті әкімшілігіндегі Сыртқы саясат бөлімі басшысының орынбасары Асқар Құттықадам мемлекетшіл азаматтар болған. Осы жас дипломаттардың барлығы Кемелұлының «шинелінен» шыққан мамандар.

Бүгінде өзі басшы болып сайланған Президент Әкімшілігінде Мұрат Нұртілеу әуелі Президенттің көмекшісі болды. Одан кейін Президенттің Протоколы мен Сыртқы саясат бөліміне жетекшілік еткен. Бір сөзбен айтқанда бүкіл сыртқы саясатқа жауапты тұлғаның бірі болған.

Шетелдіктерді қарсы алғанда немесе шетелге шыққандағы Мемлекет басшысының сөйлейтін сөздері, келіссөздер, әртүрлі деңгейдегі кездесулер осылардың бәрінің басы-қасында жүрді. Кейін, Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметіне ауысқанымен, іс жүзінде жоғарыдағы қызметтерді қоса атқарғанын айта кетуіміз керек.


«Осы қаңтар оқиғасы кезінде Президент ең сенімді адам болғандықтан болар, аумалы-төкпелі күндері оны бірден ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін сеніп тапсырды. Бұл қасіретті қаңтар біздің тарихымыздағы бір өте қаралы күндердің бірі болары сөзсіз. Ол өзіне жүктелген миссияны абыроймен атқарады деп ойлаймын» дейді сарапшы мамандар.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болған тұста Мұрат Нұртілеу журналистердің басын қосып, көптеген брифингтер ұйымдастырып, билік пен халық арасына алтын көпір болған санаулы азаматтардың бірі.

 

Тәжірибе жинап, кемелденген кадр


Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың көктемінде сенімді кадрларын бірден ел алдына шығармай, олардың тәжірибесі басшылық қызметтер үшін жеткіліксіз екенін түсініп, саяси салмақ пен тәжірибе жинау үшін мемлекеттік аппараттағы түрлі лауазымдарға орналастырған болатын.

45 жастағы Нұртілеу Сыртқы саясат ведомствосында Қазақ ұлттық университетін бітіргеннен кейін 1998 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Оның СІМ-дегі соңғы лауазымы – Финляндия мен Эстониядағы Елші. 2019 жылы республика басшысы, сондай-ақ бұрынғы дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев оны Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындады. Бұл уақытта Мұрат Нұртілеу Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат бөлімі мен протоколдың жұмысын жүйелеп, қоса алып жүрді.

«ПӘ жетекшісі – Тоқаевқа жақын адамдардың бірі. Кеңесшілері маған берген сұхбатында барлығы ПӘ басшысы арқылы өтеді деген болатын» деп жазды белгілі журналист Гүлнара Бажкенова Телеграм каналында.

Тоқаевтың Нұртілеуге деген сенім дәрежесі қаңтардың алғашқы күндерінде, Президент ҰҚК басшылықта жеке өкілі ретінде тағайындаған кезінде көрінді.  Ол тұп-тура бір тәулік елдегі бүлікті ұйымдастырды деген күдікпен қамауға алынған К.Мәсімовтің орынбасары міндетін атқарды. ҰҚК-де Нұртілеу терроризмге қарсы операция жағдайында саяси, талдау және барлау бағыттарына басшылық етуді де өз мойнына алды.

 

Президент сенімі


31 қаңтарда жағдай өзгерді және жоспарларды да өзгерту керек болды. Белгілі болғандай, бұл күні Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин отставкаға кетті және бұл лауазымға ПӘ басшысы Ерлан Қошанов жіберілді (екі палатадағы спикерлерді ауыстыру депутаттардан емес, шұғыл түрде осындай басшы қызметкерлерден жүргізілді). Қошановтың орнына Тоқаев ең жақын және сенімді адамы етіп Мұрат Нұртілеуді тағайындады.

Мұрат Нұртілеу Тәуелсіздік жылдары өзіне тапсырылған мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып, зор тәжірибе жинаған мемлекетшіл азамат десек болады. Сондықтан оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент Әкімшілігі басшылығын сеніп тапсырды. Осы тұрғыдан алып қарасақ, бұл тағайындаудың логикалық шешімі бар екенін байқауға болады.  


«Президент Әкімшілігінің жаңа басшысы үш тілді еркін меңгерген, Сыртқы істер министрлігінде Азия және Африка департаментінің 2-хатшысы, ҚР Парламент Сенаты аппарат басшысының орынбасары, Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары сынды жауапты орындарда қызмет атқарған, мемлекетшіл, ұлттық мүддеге қызмет етіп жүрген білікті маман.  Президент патриот, мемлекетшіл, кәсіби тұлғаларды жауапты орындарға тағайындап жатқаны сезіледі» деп жазды белгілі саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Фейсбук желісіндегі парақшасында.

Айта кететіні, Мұрат Нұртілеудің мансабының басым бөлігі Сыртқы істер министрлігімен байланысты. Сыртқы саяси ведомствоға қатысы жоқ жалғыз жұмыс тәжірибесі 2007-2010 жылдары Парламент Сенатының аппаратын басқарған кезде болған. Сондықтан саясаттанушылар мен журналистердің оны Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сенімді кадрларының бірі, сыртқы саясаттың қыр-сырын жетік меңгерген маман» деуіне толық негіз бар.

Дайындаған Анар Думан

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар