Премьер-министр Бектенов ата-аналарға үндеу жасады

Сағыныш Сардарова 20 мам. 2025 12:52

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ата-аналарға үндеу жасады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Елімізде биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр, оның 200 мыңнан астамы - он бірінші сынып оқушысы.

"Биыл екі жүз мыңнан аса бала мектеп бітіреді. Міндет айқын. Барлық емтиханды, ұлттық бірыңғай тестілеуді, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Тестілеу мен емтихан кезінде, соңғы қоңырау және мектеп бітіру кештерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Өйткені дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі", - деді Олжас Бектенов. 

Олжас Бектенов тиісті органдарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.

"Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері, қоғамдық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылдық қасиеттерінің барлығы бірінші кезекте отбасында қалыптасады. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды. Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан саналы, білімді және нағыз отаншыл азаматтарды қалыптастыруда күш-жігерімізді нығайта түсейік дегім келеді", - деді Олжас Бектенов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар