Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Жаңа Зеландиядан сары май тасымалданатынын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Ермұрат Бапи премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сұрақ қойды. Оның сөзінше, отандық тауар өндірушілер Үкіметтен қолдау таппай отыр.
"Ит өлген, ит емес-ау кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып май өндірген. Мынау "позор" ғой! Кит өлген Жаңа Зеландиядан май тасу деген. Ал өндірісіміз тоқтап тұр. Балтық жағалауынан май тасимыз. Сорақылық қой бұл! Май өндірген қазаққа отандық өндірісімізді қолдамай, сырттан сары май тасу деген" - деп ашынды депутат.
Ал Қанат Бозымбаев бұл күрделі мәселе екенін айтты.
"Отандық тауар өндірушілер бәсекелестікке сай болса, ол неге тоқтатылады? Сүтке қаншама субсидия беріліп жатыр?! Әлі күнге дейін ішкі нарықты 100% қамтамасыз етті деп айта алмаймыз. Әлі де көп жұмысты қолға алу керек", - деді ол.
