Петропавл қаласының соты 33 жастағы Павел Стравинскасты зергерлік бұйымдарды ұрлап, кейін сауда ғимаратын қасақана өртегені үшін кінәлі деп таныды. Ол бес жылға қауіпсіздігі ең жоғары түзеу мекемесіне сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сотта айыпталушы өрттің әдейі қойылмағанын айтып, ғимаратты құтқаруға тырысқанын алға тартқан. Алайда сот бұл уәжді қабылдамады.
Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға болған түні ер адам таныстарымен бірге ішімдік ішкеннен кейін үйіне жаяу қайтып бара жатқан. Жолда зергерлік дүкеннің маңдайшасын байқап, ұрлық жасауға бел буған.
Ол тастың көмегімен терезені сындырып, шеберханаға кіріп, қараңғыда алтын сырғалар, шынжырлар мен басқа да зергерлік бұйымдарды күртесінің қалтасына салып кеткен.
Біраз уақыттан кейін қайта оралған. Өзінің айтуынша, іште жеке заттарын ұмытып кеткенін есіне түсірген.
Сот барысында Павел Стравинскас ғимаратқа қайта кіргенде электр сымдарының ұшқын шашып тұрғанын көргенін, кейін белгісіз сұйықтық құйылған канистрді абайсызда аударып алған соң өрт тұтанып кеткенін айтқан. Оның сөзінше, қатты абыржыған ол сыртқа жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан адамнан өрт сөндірушілер мен такси шақыруды өтінген.
Алайда куәгерлердің айғақтары мүлде басқа көріністі көрсетті. Олардың бірі айыпталушыны жанып жатқан «Галактика» сауда үйінің жанынан көргенін айтып, оның сынған терезе арқылы ішке тас пен бордюр кесектерін лақтырғанын жеткізген. Ер адам мұны «өзгенің мүлкін құтқармақ болдым» деп түсіндірген.
Ал төтенше жағдайлар қызметінің сарапшылары өрттің электр сымдарынан шыққаны туралы нұсқаны жоққа шығарды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, өрт сырттан әкелінген тұтандыру көзінен шыққан.
Өрттен кейін ғимарат иелері ішке кіргенде, барлық дүние күлге айналғанын көрген. Жалын құрал-жабдықтарды, станоктарды, жиһазды, ноутбуктерді және зергерлік бұйымдар жасауға арналған материалдарды түгел жойған.
Зардап шеккен зергерлердің бірінің ғана шығыны 9 миллион теңгеден асқан.
Сот процесі барысында Стравинскас тек ұрлық жасағанын мойындап, өртті әдейі қойғанын соңына дейін жоққа шығарды. Дегенмен сот оның бұл уәжіне сенбеді.
Сот үкімімен ол бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталған азаматтан 5 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндірілетін болды.
Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.