Петропавлда көпсалалы қалалық жедел жәрдем ауруханасының хирургтары 51 жастағы ер адамның мойнындағы шегені сәтті алып тастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Белгілі болғандай, оқыс жағдай ер адам үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде болған. Абайсызда пневматикалық тапаншадан атылған шеге оның мойнына кіріп кеткен.
Дәрігерлер бөгде затты сәтті алып, жараны тазалап, өңдеген.
Абырой болғанда, мойын аймағындағы өмірге маңызды тамырлар мен жүйкелер зақымданбаған.
"Мойын жарақаты – өте қауіпті. Бұл жерде ірі қан тамырлары, жүйке талшықтары, тыныс алу жолдары және жұлын орналасқан. Тіпті аздаған зақымның өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін", - дейді аурухана дәрігерлері.
Медицина мамандары қазақстандықтарды жөндеу және құрылыс кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.