Перизат Қайраттың мүлкі әлі тәркіленген жоқ. Бұл туралы Астана қаласы прокурорының көмекшісі Индира Жұмағалиқызы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат пен оның анасының мүлкі үкім заңды күшіне енгеннен кейін ғана тәркіленеді.
"Тәркілеу мәселесі кейін қаралады. Тиісті шараларды мемлекет те, жеке сот орындаушылары да қабылдайды", – деп түсіндірді Жұмағалиқызы.
Сонымен қатар, прокурор көмекшісі мүлікке қамау қойылғанын, алайда тәркілеу рәсімі кейін жүзеге асатынын нақтылады.
Бүгін Астанадағы сотта қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасының апелляциялық шағымы қаралуда. Сотта Перизат Қайраттың адвокаты оны толық ақтауды сұрады.
Еске сала кетейік, 11 тамызда адвокат Арман Давлетьяров Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның мүддесін қорғап, апелляциялық шағым түсірген болатын. Ол үкімді жойып, қорғауындағы адамдарды қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақтауды сұрады.
Бұған дейін Перизат Қайрат орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған.