Мәжіліс отырысында "Ақжол" партиясы тауарларды міндетті таңбалаудан бас тарту қажет екенін айтып, депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақжол партиясы президент 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында "Үкімет Салық кодексінде көзделмеген барлық төлемдерге тыйым салуы керек. Бұл шын мәнінде қосымша салық" деп мәлімдегенін атап өтті.
"Бұл ретте тауар өндіру және сатумен айналысатын отандық кәсіпкерлер міндетті таңбалауға қатысты "Ақжол" демпартиясына әлі де жүгініп жатыр. Еске салайық, "Ақ жол" фракциясы мұндай таңбалауды енгізуге 2014 жылдан бері қарсы шығып, бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, үкіметке көршілеріміздің бұл жобасына вето салуды ұсынған болатын. 2018 жылы халық тұтынатын тауарларды таңбалауды енгізу туралы ЕАЭО келісімін ратификациялауды жалғыз "Ақ жол" фракциясы қолдамаған еді.
Біріншіден, таңбалау шағын және орта бизнеске қосымша қаржылық жүктемені тудырып, оларды тиісті жабдықты сатып алуға, қосымша есептілікті жүргізуге, қосымша қызметкерлерді жалдауға және т.б. мәжбүрлейді", - делінген депутаттық сауалда.
Партия өкілдері таңбалаудың мақсаты контрафакттан қорғау екенін айтады.
"Бірақ сонымен бірге үкімет оны бизнестің ең көлеңкелі түріне – яғни күшті алкогольді өндіру мен айналымына енгізгісі келмейді. Бұл саланы әрдайым Ескі Қазақстанның лауазымды тұлғалары "қорғап" келгендіктен шығар. Оның орнына таңбалау ең алдымен қарапайым халықтың керекті – аяқ киім, дәрі-дәрмек, т.б. үшін енгізілді".
Бұл бірден шағын және орта бизнес шығынына ғана емес, сонымен қатар тауарлардың қымбаттауына әкеп соққан.
"Мәселен, сүт өнімдеріне жасалған пилоттық жоба көрсеткендей, онда баға 39 пайызға өскен, сондықтан шенеуніктер сүтті таңбалаудан бас тартуға мәжбүр болды. Бірақ аяқ киім дүкендерінің мәліметі бойынша арзан аяқ киім бағасының өсуі шамамен 25 пайызды құраған аяқ киімдер үшін таңбалауды сонда да енгізіп отыр. 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау енгізіледі. Онда да дәріханалар бұрын қолжетімді дәрілер бағасының 30 пайызға қымбаттауын күтуде. Үкімет басқа да халық тұтынатын тауарларға таңбалауды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жағдайда біраз шағын кәсіпорындар банкротқа ұшырап, жабылады. Нарықты үлкен желілер басып жатыр. Олар негізінен қазақстандық емес, ресейлік желілер.
Ал отандық шағын бизнес өркениетті нарықтан ығыстырылып, базарлық әдістерге көшеді. Тиісінше, біз жоюдың орнына, керісінше, көлеңкелі нарықты ұлғайтып, ең қажетті тауарлардың қолжетімдігін төмендетеміз", - дейді партия өкілдері.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, "Ақ жол" депутаттық фракциясы тағы да Үкіметті ресейлік құралдың жөнсіздігін қайта қарауға шақырады.