Павлодардағы психиатриялық орталықта науқастарды ұрып-соғу туралы ақпаратқа байланысты тексеріс басталды

Павлодардағы психиатриялық орталықта науқастарды ұрып-соғу туралы ақпаратқа байланысты тексеріс басталды
Mignific

Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығында әлеуметтік желіде тараған науқастарды ұрып-соғу туралы ақпаратқа байланысты қызметтік тексеріс басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Орталықтың мәліметінше, жарияланған ақпаратқа байланысты қызметтік тергеу жүргізіледі. Әзірге пациенттер тарапынан ресми шағымдар мен өтініштер түспеген.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде орталықтың ерлер бөлімінде емделіп жатқан науқастарға қатыгездік көрсетілетіні туралы ақпарат тараған болатын. Жазба авторларының айтуынша, егде жастағы пациенттер бейнебақылау камералары орнатылмаған орындарда, әсіресе дәретханаларда соққыға жығылады.

Сондай-ақ кейбір науқастардың денесінде көгерген іздер бар екені, олардың өмірі мен денсаулығына қауіптенетіні айтылған. Жарияланған мәліметте бұл жекелеген жағдай емес, жүйелі сипатқа ие болуы мүмкін деген болжам жасалып, аталған деректер расталған жағдайда жан-жақты тергеу жүргізу қажеттігі атап өтілген.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.