Павлодардағы банкте петарда жарылды: алаяқтардың арбауына еріп, зардап шеккен зейнеткерлердің жағдайы қалай?

Павлодардағы банкте петарда жарылды: алаяқтардың арбауына еріп, зардап шеккен зейнеткерлердің жағдайы қалай?
видео кадры

Павлодардағы банктердің бірінде телефон алаяқтарының айтқанын орындаған ерлі-зайыпты торттың ішіне жасырылған петарданы жағып жіберген болатын. Пиротехника жарылып, салдарынан қарт ерлі-зайыпты жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, зардап шеккендер - 75 жастағы әйел мен 78 жастағы ер адам. Оқиға орнынан екеуі де Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің қолдары жыртылып, көгеріп, сырылған. Сонымен қатар, оның беті, мойны және екі қолы І-ІІ дәрежелі термиялық күйік алған. Күйік дененің шамамен 5 пайызын қамтыған. Сондай-ақ, көзіне жеңіл дәрежеде күйік түскені анықталған.

"Травматолог пен офтальмолог науқасқа медициналық көмек көрсетті. Осыдан кейін ол тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем алуға жіберілді", - деді Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілі.

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, ер адамның да көзі жеңіл дәрежеде күйген. Оған офтальмологиялық көмек көрсетіліп, кейін амбулаториялық емге жіберілген.