Павлодарда жер опырылып түсті: Ер адам мен 4 жасар бала зардап шекті

Павлодарда жер опырылып түсті: Ер адам мен 4 жасар бала зардап шекті
Фото: to.pavlo

Павлодарда жаяу жүргіншілер жолының астындағы топырақ кенеттен опырылып, төрт жасар баласымен келе жатқан ер адам ыстық суға құлаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиғаның мән-жайын зардап шегушінің әпкесі әлеуметтік желіде баяндады. Оның сөзінше, ағасы баласымен бірге күнделікті жұрт жүретін жолмен келе жатқан. Сол сәтте аяқ астындағы жер ойылып, екеуі қайнап тұрған суға түсіп кеткен.

«Бұл ашық қалған кәріз құдығы да, құрылыс алаңы немесе қоршаумен белгіленген қауіпті аумақ та емес. Адамдар күн сайын жүретін қарапайым жол. Ағамның тізесінен жоғары бөлігі күйіп қалды», – деп жазды ол.

Зардап шегушінің туысы оқиғаға байланысты жан-жақты тексеру жүргізіп, қауіпсіздік талаптарының сақталмауына жауапты адамдарды анықтауды талап етті.

1991 жылы туған ер адам денесінің екінші және үшінші дәрежелі күйігімен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Төрт жасар баланың жағдайы туралы әзірге мәлімет берілген жоқ.