Павлодар облысында заңсыз берілген және мақсатты пайдаланылмаған төрт жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Табиғатты қорғау прокуратурасы жер пайдалану саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізіп, жер учаскелерін заң талаптарын өрескел бұза отырып беру және оларды ұзақ уақыт бойы мақсатты пайдаланбау фактілерін анықтады.
Мәселен, Екібастұз өңірінде жеке орман өсіруге берілген аумағы 797 гектар жер учаскесінде ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл Жер кодексінің 65-бабына қайшы.
Тереңкөл және Аққулы аудандарында Су кодексінде көзделген бассейндік су инспекциясының міндетті келісімі болмағанына қарамастан, үшінші тұлғаларға балық шаруашылығын жүргізу үшін жалпы аумағы 820 гектар су қорының жерлері берілген.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша табиғатты қорғау прокуратурасы уәкілетті органдарға қадағалау актісін енгізді.
Нәтижесінде заңсыз берілген әрі мақсатты пайдаланылмаған, жалпы аумағы 1600 гектардан асатын, кадастрлық құны шамамен 1 млрд теңге болатын төрт жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
Заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар, оның ішінде жер қатынастары бөлімдерінің басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.