Павлодарда 35 жастағы ер адам 12 жастағы қызға жасаған азғындығы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, ол Қылмыстық кодекстің екі бабымен айыпталды:
- 121-баптың 4-бөлігі – кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері;
- 124-баптың 1-бөлігі – 16 жасқа толмағанға қатысты азғындық әрекеттер жасау.
Қылмыстық іс үш эпизодтан тұрды және жабық түрде қаралды. Үкім жарияланғаннан кейін істі жүргізген судья кейбір жайттарды ашып айтты.
Белгілі болғандай, сотталушы бес жыл бұрын азаматтық некедегі әйелі мен оның екі қызы – 12 және 6 жасар балаларымен бірге тұра бастаған.
"Биыл 25 сәуір мен 10 мамыр аралығында К. бірнеше рет әйелінің 12 жастағы қызына қатысты азғын әрекеттер жасаған. Үшінші жағдай 20 мамыр күні таңғы сағат 7 шамасында тіркелді. Сол сәтте ол кәмелетке толмаған қыздың жасын анық біле тұра, оның көзінше арсыз қылыққа барған", - деді судья Нұрлан Айтбаев.
Айыпталушы кінәсін жартылай мойындағанымен, тергеу кезінде өзін психикалық ауруға шалдыққан етіп көрсетуге тырысқан. Оның қорғаушылары да осы уәжді алға тартты. Алайда сот бұл дәлелдерді негізсіз деп тапты.
Эксперттің қорытындысы бойынша, сот барысында психиатрдың міндетті қатысуына ешқандай себеп болмаған.
Сот шешімімен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленуші қызға 7 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Жазасын ерекше қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.