Павлодар облысында кәсіпорын аумағында болған қайғылы оқиғадан алты адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шақырту 20 шілде күні сағат 12:01-де Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылындағы кәсіпорындардың бірінен түскен.
«Оқиға орнында 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адамның қайтыс болғаны анықталды. Ал 1988 жылы туған тағы бір азамат Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады басқарма.
БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға Жоламан ауылындағы «Aqtogai Milk» ЖШС аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар кәріз құдығында орнатылған электр сорғысының ақауын жөндеп жатқан. Кейбір ақпарат құралдары оқыс оқиғаға көмірқышқыл газынан улану себеп болуы мүмкін екенін жазды.
Осыған байланысты Павлодар облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп хабарлады ведомство.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жеткізілген 1988 жылы туған азаматқа орташа дәрежедегі көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылған. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, науқасты Павлодар қаласына тасымалдау қажет емес.