Павлодар облысында жол апатынан кейін жас жігіт екі аяғынан айырылды

Павлодар облысында жол апатынан кейін жас жігіт екі аяғынан айырылды
pixabay.com

Павлодар облысында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан кейін 2005 жылы туған жас жігіт екі аяғынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шегуші жансақтау бөліміне ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған көптеген жарақат диагнозын қойған. Оң аяғы оқиға орнында ауыр жарақат салдарынан ампутацияланған болса, сол аяғын сақтап қалу мүмкін болмағандықтан ота кезінде кесуге тура келген.

Науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Оны емдеу тактикасын анықтау үшін Павлодар облысының бас реаниматологы мен республикалық үйлестіру орталығының мамандары қатысқан консилиум өткізілген. Қазіргі уақытта пациентке қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.

Осы жол апатынан зардап шеккен тағы бір 2005 жылы туған қыз травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Ол да түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы Павлодар – Астана тасжолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 22 жастағы такси жүргізушісі басқарған Hyundai Tucson көлігі жол жиегіндегі қоршауға соғылған. Апат салдарынан төрт адам зардап шекті. Оқиғадан кейін зардап шеккендердің туыстары апаттың куәгерлерін іздестіріп жатыр.