Павлодар облысы ҚАЖД-ға қарасты №63 түзеу мекемесінде режимдік аумаққа телефон өткізу әрекеті дер кезінде анықталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бақылау-өткізу пунктінде келген сәлемдемені тексеру барысында инспекторлар стандартты гигиеналық қаптамада жасырылған затқа назар аударды. Толық тексеру кезінде қаптамадан телефон мен SIM-карта табылды. Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша барлық қажетті материал жинақталды. Жөнелтушіге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеру жүргізілуде.
"ҚАЖ мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұндай әрекеттер құқық бұзушылық қана емес, жазасын өтеп жатқан адамдардың тәртіпті мінез-құлқы үшін қарастырылған жеңілдіктерінен айырылуына да себеп болады", – деп ескертті ҚАЖ қызметкерлері.
Айта кетейік, ҚАЖ мекемелерінде бақылау жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады.
