Павлодар облысында бір жылда 5 рет жалдамалы пәтер ауыстырған көпбалалы отбасы баспанға қол жеткізді

Dalanews 11 нау. 2019 09:07 850

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен қаладағы көп балалы отбасы Успен ауданының Ковалев ауылына қоныс аударды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ақпан айында өңір басшысы Болат Бақауов көп балалы аналармен кездескеннен кейін аталмыш санаттағы отбасыларды аудандарға көшіру жөнінде тапсырма берген еді.

Алғашқы болып 4 бала асырап отырған 27 жастағы Ануар Қапжасаровтың отбасы Успен ауданына қоныс аударды. Көп балалы отбасы бір жыл ішінде жалдамалы 5 пәтер ауыстырған. Ал, жалпы отбасы құрған 10 жылдың ішінде 10-15 пәтерде тұрып шығыпты.

– Біз ұзақ уақыт бойы пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік, – деді Ануардың жұбайы Елена Абылғазинова. – Екі ұлым мектепте 2-ші және 3-сынып оқиды. Тағы бір ұлым биыл мектепке барады. Кішісі қызым 1 ай бұрын ғана дүниеге келді. Өзіміз қалада туып-өстік. Биыл облыс әкімі көп балалы аналарды жинайтынын естіп, барып бізде қандай мүмкіндіктер бар екенін білгім келді. Сол жиында кеңес берушілер бізді жұмыспен қамту орталығына жіберді. Ол жердегілер көмектесуге уәде берді. Көп ұзамай Успен ауданынан хабарласып, бізге үйді көрсетті. Күйеуіме жұмыс тауып бергелі отыр. Ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс атқаратын болады. Қалада пәтер кезегіндеміз, – деді көпбалалы ана.

Успен ауданының басшылығы көп балалы отбасыға Ковалев ауылынан екі бөлмелі үй берген.

– Тұратын үйіміз өте жайлы. Су үйге келеді. Жуынатын бөлме мен әжетханасы да бар ішінде. Балаларыма да ыңғайлы. Мектеп жолдың арғы бетінде ғана орналасқан. Қалада жеке үйлерде де тұрып көргендіктен ауылда тұру бізге қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Болшақта құс пен мал асырау да ойымызда бар.

Шаһарда сатушы, жүргізуші болып жұмыс жасап келген ерлі-зайыптылардың отбасы мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмаған. Ай сайынғы отбасылық шығындары 90 мың теңгеге жуықтайды. Успен ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Евгений Фергалюк ауданда көп балалы 109 отбасы бар екенін атап өтті.

– Аз қамтылғандар арасында 19 отбасы әлеуметтік көмек алады, – деді Евгений Фергалюк. – Қоныс аударып жатқан отбасыға үй тегін берілді. Алдағы уақытта әлеуметтік көмек те алатын болады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Камалованың айтуынша, облыста 3839 4-тен көп бала өсіріп отырған отбасы бар болса, 300-ден астамы атаулы әлеуметтік көмек алуда.

– Көп балалы отбасылардың көбісін баспана мәселесі мазалайды. Павлодар қаласында ауылдық жерге көшуге ниет білдіріп отырған 7 отбасы бар. Келесі аптада бір отбасы Шарбақты ауданына қоныс аудармақ, – дейді Гүлнәр Камалова.

Оразбек Саяхат

Фото автор

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар