Павлодар облысы Ақсу қаласының прокуратурасы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған пәтерлерді заңсыз сатып алу дерегін анықтады. Белгілі болғандай, 24 пәтер сатып алу кезінде әлі құрылысы аяқталмаған және тұруға мүлде жарамсыз болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Прокуратура мәліметінше, бұл іс бойынша қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы жауапқа тартылды. Оның әрекеті мемлекетке 50 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Ақсу қаласының ауданаралық соты экс-шенеунікті қызмет бабын асыра пайдалану бабымен айыпты деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратураның араласуынан кейін заңбұзушылықтар жойылып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар баспанамен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында да «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы бюджет қаржысын жымқыру фактісі анықталған еді. Тергеу материалдарына сәйкес, мердігер компания мен құрылыс бөлімінің басшысы үш жыл бойы жалған актілер жасап, жұмыс көлемі мен құнын негізсіз арттырған. Нәтижесінде мемлекетке 152 миллион теңге залал келген.
