Павлодар облысында 15 жылқы тиеген көлік отқа оранды

Dalanews 18 қаң. 2026 14:54

17 қаңтар күні Павлодар облысында Қалқаман кентіне жақын аумақта төтенше жағдай тіркелді. 15 жылқы тиеген жүк көлігінен өрт шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жүк көлігі мен ағаш тіркемеден бір мезетте өрт шыққан. Тіркеменің ішінде 15 бас жылқы болған.

Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері жалынды қысқа уақыт ішінде ауыздықтап, өрттің кең көлемде таралуына жол бермеді. Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде адамдар да, жануарлар да зардап шеккен жоқ.

Қазіргі таңда өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр. Мамандар техникалық ақау немесе қауіпсіздік талаптарының сақталмауы ықтимал себептердің бірі болуы мүмкін екенін айтады.

Төтенше жағдайлар қызметі жүргізушілер мен жүк тасымалдаушыларды жол үстінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды. Тексеру қорытындылары алдағы уақытта жарияланбақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove