Пәкістанда полиция нысанына жасалған шабуылдан кемінде 16 адам қаза тапты

Пәкістанда полиция нысанына жасалған шабуылдан кемінде 16 адам қаза тапты
Ашық дереккөз

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Кохат қаласында полиция нысанына жасалған шабуылдан кемінде 16 адам қаза болып, 57 адам жараланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға Хайбер-Пахтунхва провинциясында жұма намазы кезінде болған. Полиция мәліметінше, жарылғыш зат тиелген көлік полиция кешенінің сыртқы қабырғасына соғылған. Сол сәтте кешен аумағындағы мешітте полиция қызметкерлері, олардың туыстары және басқа да бейбіт тұрғындар болған. 

Жарылыстан кейін бірнеше қарулы адам қауіпсіздік күштеріне оқ атқан. Соның салдарынан атыс болып, полиция қызметкерлері шабуылдаушылармен қарулы қақтығысқа түскен.

Қаза тапқандардың бесеуі полиция қызметкері, қалған 11-і бейбіт тұрғын. Зардап шеккен 57 адамның арасында ауыр жарақат алғандар да бар. Полицияның мәліметінше, шабуыл жасаған жеті адамның барлығы жарылыс пен кейінгі атыс барысында қаза тапқан. 

Жарылыс полиция нысаны мен оның аумағындағы мешітке айтарлықтай зақым келтірген. Оқиға орнында құтқару және іздестіру жұмыстары жүргізіліп, зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілді. Полиция аумақты қоршауға алып, қауіпсіздік операциясын бастаған. 

Шабуылдың жауапкершілігін кім алғаны жөнінде алғашқы хабарламаларда нақты ақпарат болмаған. Reuters агенттігі шабуылдан кейін бірден ешбір топ жауапкершілікті мойнына алмағанын хабарлады. Сонымен қатар Пәкістанның Dawn басылымы кейінірек шабуыл үшін Хафиз Гүл Бахадур басқаратын Ittehadul Mujahideen тобы жауапкершілікті өзіне алғанын жазды. 

Бұл ретте Reuters мәліметінше, Пәкістандағы негізгі қарулы топтардың бірі саналатын «Техрик-и-Талибан Пәкістан» (TTP) бұл шабуылға қатысы барын жоққа шығарған. Сондықтан шабуылдың нақты ұйымдастырушыларына қатысты мәлімет әзірге қарама-қайшы болып отыр. 

Кохат орналасқан Хайбер-Пахтунхва провинциясында соңғы айларда қарулы шабуылдар көбейген. Негізгі нысана ретінде әскери және полиция қызметкерлері таңдалып отыр.

Пәкістан билігі қарулы топтар Ауғанстан аумағындағы қауіпсіз баспаналарды пайдаланып, елдегі шабуылдарды жоспарлап, дайындайды деп мәлімдейді. Ауғанстандағы Талибан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, содырлар мәселесін Пәкістанның ішкі проблемасы деп санайтынын айтады.