28 тамызда Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы аяқталып, бүгін, 29 тамызда сот үкімі шығуы қажет. Сатыбалды кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айырып, аса ірі мөлшерде ақша бопсалап, өзінше басқару жүргізді деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айта кетейік, бұл Сатыбалдыға қатысты екінші сот отырысы. 2023 жылы Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі екі қылмыстық әрекеті үшін 8 жылға сотталған болатын. Ол кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовтің бизнесін тартып алды деп және Қызылорда облысында 441 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген. Ол кезде Сатыбалды өзін саяси жүйенің құрбаны деп атаған болатын.
Ал күні кеше өткен сот жарыссөзінде Гүлмира Сатыбалды денсаулығының нашарлауына байланысты соңғы сөз айтудан бас тартты.
Shiskin like телеграм арнасы Гүлмира Сатыбалдыға қандай кәсіптер тиесілі екенін анықтаған. Былтыр Гүлмира Сатыбалды Standard Petroleum & Co ЖШС бенефициарларының бірі болған. Ол Тимур Құлыбаевтың орбитасындағы компания. ЖШС Түркістан облысындағы Бадам ауылында орналасқан және дизель отынының көтерме саудасымен айналысады. Компания 2015 жылдан бері 3 миллиард теңгедей салық төлеген. Ал 2022 жылы төлеген салықтары күрт азайып, биыл тек 1,5 миллион теңге салық төленген.
Компания Тимур Құлыбаев, оның тұрақты серіктестері, Сатыбалды отбасының өкілдері мен Қазақстанның оңтүстігіндегі ықпалды кәсіпкердің бірі Серікжан Сейтжановтың басын қосқан. Оны Нұржан Сейтжанов – Серікжан Сейтжановтың ұлы басқарады. Ал Гүлмира Сатыбалды мен оның ұлы Бауыржан Нұрсұлтан әлі күнге дейін Standard Petroleum & Co компаниясын Petromunai Invest ЖШС арқылы басқарады. Алайда ол жұмыс істемейтін және салық төлемейтін компания қатарында.
Құжат бойынша Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі тағы бір компания – Қызылордада тіркелген «TOTO» group» ЖШС. Оған еншілес компания «Karatau Mining» ЖШС геологиялық барлаумен айналысады және 2015 жылдан бастап 23 млн теңгеге салық төлеген.
Adata.kz реестрінің мәліметінше, Гүлмира Сатыбалды 500 млн теңгеден астам сомаға атқарушылық іс жүргізу бойынша қарыз.