18 маусымда футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының К тобындағы Өзбекстан мен Колумбия құрамалары арасындағы матч өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесу Мексиканың астанасы Мехикодағы «Ацтека» стадионында ұйымдастырылды. Ойынды ағылшын төрешісі Энтони Тейлор бастаған қазылар бригадасы басқарды. Матч 3:1 есебімен Колумбия құрамасының пайдасына аяқталды.
Есепті кездесудің 40-минутында колумбиялық қорғаушы Даниэль Муньос ашты. Голдық пасты Луис Диас берді.
Екінші таймда өзбекстандық жартылай қорғаушы Аббосбек Файзуллаев таразы басын теңестірді. Алайда арада бірнеше минут өткенде Луис Диас тағы бір гол соғып, Колумбияны қайта алға шығарды. Матчтың соңына қарай жартылай қорғаушы Хаминтон Кампас командасының үшінші голын соқты. Осыдан кейін есеп өзгерген жоқ – 3:1.
К тобында Өзбекстан мен Колумбиядан бөлек Португалия және Конго Демократиялық Республикасы құрамалары өнер көрсетеді. 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика аумағында 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтіп жатыр.
Әлемнің қазіргі чемпионы – Аргентина құрамасы. Команда 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатының финалында Франция құрамасымен негізгі және қосымша уақытта 3:3 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңіске жеткен болатын.