Отыз жыл бойы ауыспаған жүйе "борсып" кетті - депутат

Dalanews 07 ақп. 2022 06:12 841

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Нұр Отанның» кезектен тыс съезін қорытындылап, «елді отыз жыл бойы билеп-төстеген топтың биліктен кеткенін» мәлімдеген екен.

Депутат Назарбаевсыз өткен партияның кезектен тыс съезі аса маңызды тарихи оқиға болды деп санайды. Себебі, бұл күні «тек қана партияның басшылығы ауысқан жоқ, саяси элита ауысқан».

«Дәлірек айтсақ, 30-жыл мемлекетті басқарған топ саяси аренадан кетті.

Жалпы, біз министрлердің ауысуы, партияның басшылығының ауысуы жөнінде айтқанда одан ешқандай сенсация жасаудың қажеті жоқ.

Адамның табиғаты сол- біреу келеді, біреу кетеді. Дәл сол сияқты саясатта да топтар ауысып тұруы қажет. Ондай ауысу болмаса, саяси организм тұрып қалған су тәрізді "борсып кетеді", – деді Саиров.

Осы себепті билік жиі-жиі ауысып тұру екен, сол кезде ғана алға жылжу, даму тенденциялары туралы айтуға болады.

Депутат өз тарапынан «Ескі жүйе орнын оңайшылықпен босатпайды. Әулет алысқа ұзаған жоқ» деген күмәншіл аудиторияға:

"Nur Otan" партиясына жетекшілік еткен билеуші топ ауысып, біржолата кетті, – деп жауап қатқан. Саиров осы орайда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне тоқтала кеткен.

Оның пайымдауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004-жылға дейінгі Қазақстан мемлекетінің шекарасын бекіту, Елорданы көшіру, еліміздегі экономикалық реформаларды жасау жөніндегі еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды.

«Бұл мемлекетіміздің бұғанасының қатаюы, шаңырағының мығым болуына қосылған ерекше үлес!

Бірақ, медальдың екінші жағы да бар.

Еліміздің бүкіл халық болып жасаған экономикалық игіліктерін жекеленген топтардың еншісіне беріп қойған, халық аш-жалаңаш отырғанда сол халықтық меншікті "өздеріне бөле-жара" аударып алғанда осы топ.


Кешегі, "Азаттық" радиосы көрсеткен, Алатаудың бөктеріндегі қаншама гектарға салынған зәулім сарайларды барлығымыз көрдік. Ал қаншама біздің туған туыс, ағайындарымыз қалада өзінің Конституциямен бекітілген 10-сотық жерлерін ала алмай, зар қақсап жүр.

Қаңтарда көшеге шыққан, сол ауылдан қалаға келіп, 10-сотық жерге ие бола алмаған өзіміздің туған-туыстарымыз», – дейді депутат.

Саиров мұны теңсіздіктің көрінісі деп санайды. Соның салдарынан «әлеуметтік контраст» туындап, ол өз кезегінде «қоғамдық алауыздықтың катализаторына» айналған.

"Досың жылатып айтады", бұл шындықты біз айтуға дәтіміз жетуі тиіс. Бұл бүгінгі өмір шындығы.

Мемлекетімізде әлеуметтік әділеттілік принциптері орнығуы тиіс.

Ауыл жастарының білімін арттырып, оларға "әлеуметтік лифт" қалыптастыру өте маңызды. Миллиардттаған соманы ЭКСПО-ға, ЛРТ-ға жұмсадық. Осы соманы ауыл-аймаққа салу қажет.Ауыл біздің асыл қазынамыз! Шекаралық аудандарды ашу керек», – деп есептейді Саиров.

...

Сондай-ақ депутат партия съезінде сөз сөйлеген президент Тоқаевтың бірқатар уәжін құптап отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күзде "саяси реформалар бағдарламасы жарияланғаннан кейін, партиядан шығуы ықтимал" екендігін жариялаған.

Саировтың пікірінше, бұл дұрыс қадам. Өйткені президент Қазақстанның бүкіл халқының мұң-мүддесін қорғауы керек.

Ал партия өткен саяси жүйенің қоғамдық-саяси, қаржылық-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған қоғамдық организм болған.

«Партияда екі жыл ішінде реформа жүріп, праймериз өткізіліп, қоғаммен тығыз байланыс тетіктері жасалды. Осы тенденцияны тереңдету маңызды.

Енді, "Nur Otan" партиясына өзінің жұмысын қоғамның, азаматтардың, адамдардың саяси, экономикалық мүдделерін қорғауға қабілетті ұйымға айналу міндеті тұр.  Өте ауыр міндет.

Осы міндет үрдісінен шыға алсақ, партия нақты "парламенттік" рең алып, прогрессивті ұйымға айналады.

Ол үрдістен шығу үшін не істеу керек екендігін партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты айтып берді», – дейді депутат.

...

Саиров партияның атын өзгерту қажет деген ұстанымда. «Нұр Отан» мүшесі  саяси ұйымға ребрендинг қажет деп есептейді. Барлық саяси күштерге "Ашық есік" саясаты партияның ең басты құндылығы болуы керек.

Оның айтуынша партияның алдында өте кұрделі, қиын, қым-қиғашы мол сапар тұр.

Депутат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да саяси шешімдерін логика шеңберінде қарастыру керек деп пайымдайды

Өз тарихында алғаш рет аса күрделі саяси-экономикалық реформацияны басынан кешіріп жатқан Қазақстан үшін бұл өзгерістер бақылаудан шығып кетпеуі керек. Мемлекеттілікті сақтап қалуда осы жайтқа көңіл бөлген жөн.

Сөй деген мемлекеттіліктен айырылып қалу бір ғана мезет екендігін "қайғылы қаңтар" көрсетті деп тұжырымдайды.

«Президент «Нұр Отанның» Парламенттегі Фракциясын пайдаланып, Үкіметке ықпалын күшейте отырып тезірек, экономикалық эффектіге жетуді көздейді.

Өйткені, қазір біздің барлығымызға халыққа, азаматтарға олардың өмірінің жақсарып келе жатқандығы жөнінде нақты "сигнал" қажет. Президент Қазақстанның мемлекеттілігі үшін жауапты бірден-бір тұлға. Бұл өте ауыр жүк! Сондықтан, ол кісі жүйелі түрде, бірте-бірте, жан-жағын бағдарлап, он рет ойлана отырып шешім қабылдауы қажет. Мәселе осында», – дейді Саиров.

Айтпақтайын...


Дәл осы Ерлан Саиров пен әріптесі, әйгілі «Қазақ миссиясының» авторы Берік Әбдіғалиұлы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдаған екен.

Депутаттар «Қазақстанның басты әлеуметтік проблемасының бірегейі – халықтың басым бөлігінің кедейлігі» екенін ашып айтқан.

«Қала мен Дала» хаттың бір мүшесін бұзбай, қаз-қалпында жариялағанды жөн көрді.

...

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

«Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеу керек», - деді Президент.

Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін 5,5 АҚШ доллары.

Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды, Ресейде күніне 6 доллар.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны– ресми түрде 998 мың адам болды.

Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 млн, одан да жоғары екендігін айтады.

Өмір көрсеткендей, халықтың жаппай кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі!

Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы, кедейлік шегін көтермей келеді.

Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр.

Ал Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60% деңгейінде белгіленеді.

Сонымен бірге, пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына нұқсан келтіретін инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеді.

Мысалы, Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды.

Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар - ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 - пайызын құрайды.


Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы».

Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңір кедей» болуың керек!

Осы тавталогияның нәтижесінде, 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған.

Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдемге тұралатып жіберді!

«Nur-Otan» партиясының фракциясы кедейлікпен күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы қажет деп есептейді.

  1. Елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу.

  2. Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру.

  3. Екі ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату.

  4. Ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу.

  5. Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.


Мәселені шеше отырып, заңда бекітілген мерзімде жауап беруіңізді сұраймын.

Құрметпен,

Мәжіліс депутаттары,

«Nur-Otan» Фракциясы мүшелері

Е.Саиров

Б.Әбдіғалиұлы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар