Астанада жыл басынан бері отбасындағы жанжалдар мен зорлық-зомбылыққа байланысты 6,5 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қорғау нұсқамасы зорлық-зомбылық жасаған немесе жасау қаупі бар адамға беріледі. Ол азаматқа жәбірленушіні іздеуге, аңдуға, үйіне баруға, телефон соғуға және басқа жолмен байланысуға тыйым салуы мүмкін.
Жыл басынан бері мұндай талаптарды бұзған 300-ге жуық адам жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, сот 600-ден астам адамның мінез-құлқына арнайы шектеу белгіледі.
"Полиция қызметкерлері есепте тұрған азаматтардың үйлеріне тұрақты түрде барып, олардың тәртібін бақылап отырады. Мамандар отбасылардың тұрмыс жағдайын зерттеп, қауіп деңгейін бағалайды және белгіленген талаптардың орындалуын тексереді", - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Елорда полициясы отбасындағы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол берілмейтінін ескертті. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жұмыстары жалғасады.