Отбасы банк баспана кезегінде тұрғандардың мәліметін тексереді

Отбасы банк баспана кезегінде тұрғандардың мәліметін тексереді
Фото: ЖИ

14 қыркүйектен бастап Отбасы банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың есебінде тұрған адамдарға түгендеу жүргізе алады. Ол үшін азаматтардан дербес деректерді жинауға және өңдеуге бөлек келісім алу талап етілмейді. Мұндай өзгеріс заңнамаға енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Банк кезекте тұрған азаматтардың отбасы құрамын, атында жылжымайтын мүліктің бар-жоғын және есепте тұру құқығына әсер ететін өзге де мәліметтерін тексереді.

Бұған дейін мұндай тексеру жүргізу үшін азаматтың жеке келісімі қажет болған. Алайда кейбір адамдар келісім бермегендіктен, олар туралы ақпаратты толық тексеру мүмкін болмаған.

"Азаматтардың бір бөлігі мұндай келісімді ұсынбады. Соның салдарынан олар туралы мәліметтерге толыққанды тексеру жүргізу мүмкін болмады", – деп түсіндірді банк өкілдері.

Тексеру кезінде азаматтың атында баспана бары немесе оның тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұру талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, ол кезектен шығарылуы мүмкін.

Ал тұрғын үйге шынымен мұқтаж және белгіленген талаптарға сай келетін азаматтарға қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.