Отар полигонындағы жарылыс кезінде Анголадан келген 10 әскери жапа шекті

Dalanews 28 шіл. 2016 03:10 958

«Гвардейский» әскери полигонында орын алған төтенше жағдай кезінде Анголадан келген команда жапа шекті. «Он адам жапа шекті, бұл барлық команда. Олардың xалықаралық әскери ойындарға қатысу мәселесі әлі ашық күйінде қалып отыр», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Басқа ақпарат ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияның тергеуінен кейін жария етіледі.

Айта кетейік, xалықаралық әскери ойындарға дайындық бойынша жаттығу жұмыстары кезінде Ангола командасында 120 мм миномет жарылған болатын.

Нәтижесінде 1 әскери қызметкер ауыр халде жатыр, қалған жауынгерлер жеңіл жарақаттар алған. Жараланғандар Отар әскери базасындағы жеке медициналық жасаққа жеткізілді. Алдын ала тергеу бойынша, Ангола командасы 2Б11 минометін ату кезінде қауіпсіздік ережесін бұзған және келісімсіз окоптан шығып, ату позицияларын өзгертіп, өрескел қателік жіберген. Одан бөлек, қатарынан екі рет оқтау да снарядтың жарылу себебі болуы мүмкін.

ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің бұйрығымен, қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Оқас Сапаров жетекшілік ететін комиссия құрылды.  Олар болған жайды анықтап, комиссиялық тексеру жүргізу үшін оқиға орнына ұшып кетті.

Айта өтейік, бұдан бұрын «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауының жетекшісі, бас төрешісі генерал-майор Лұт Әлшекенов 13 елден келген командаға қауіпсіздік техникасының ережелерін түсіндірген болатын. Аталған рәсімнен кейін ғана команда қатысушылары жаттығуға кірісуі тиіс болған.

 

Автор: Жасұлан Жолдыбаев

 

Қазақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар