Өскеменнің жылумен қамту жүйесі жаңғыртылады

Dalanews 05 там. 2016 09:22 870

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман Өскемен қаласының жылумен қамту жүйесін жаңғырту жобасы бойынша алдын - ала келісімге қол қойды.

Алдын ала бекітілген келісім аясында Өскемен қаласының жылумен қамту жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстарды 5 млрд. теңгеге дейінгі көлемде қаржыландыру қарастырылған. Оның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкінен 3 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Сонымен қатар аталмыш жобаны қаржыландыруға Үкіметтің гранттық қаржылары мен жергілікті бюджеттің қаржысы кірістірілген. Несие тек ЕҚДБ тарапынан бөлінген қаржы бойынша ғана қайтарылатын болады.

Шығыс Қазақстанның облыс орталығының жылумен қамту жүйесін жаңғыртудың барысында жылумен қамту желілірін салу мен толық жөндеу, және осы мақсатта қолданылатын арнайы техника сатып алынбақ. Инвестиция ОЖП және сорғыш станцияларда автоматтандырылған жүйелерді, ЖЖП-те тұйық жүйелерді енгізу арқылы, құбырларды қалпына келтіріп, жылуды жоғалтуды азайтуға және энергияны қолдануда тиімділікті арттыруға бағытталады. Сонымен қатар арнайы құрал-жабдықтар жаңартылып, жылу өлшеу құралдары орнатылмақ.

Жалпы, аталған жобаны іске асыру жылу тасымалдаушы жүйелердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жылумен қамту нысандарының жұмысын апатсыз орындауға және тұтынушыларға үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

– Біз алдағы тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Банкпен бірлесіп істеген жұмыстардың нәтижесінде, біз құны 28 млрд. теңгеден астам бірнеше келісімге қол қойдық. Жақын уақытта жаңа жобалар іске асырылады деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов ЕҚДБ-ның Қазақстандағы директоры Джанет Хэкманмен кездесу барысында.

Айта кету керек, ЕҚДБ арқылы қаржыландырылады деп жоспарланған жобалардың жалпы құны 2016 жылдың соңына дейін 37,8 млрд. теңгені құрамақ.

 

«ҚмД» ақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар