Алматыда бұрын полиция қызметкері болған ер адамның қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Іс бойынша қарастырылып жатқан нұсқалардың бірінде марқұмның өліміне жұбайының қатысы болуы мүмкін деген күдік бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін оқиғаға байланысты марқұмның туыстары пікір білдірген еді. Енді күдікке ілінген әйелдің жақындары да өздеріне белгілі жайттарды айтты.
Әйелдің сіңлісі журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында әпкесі мен марқұмның отбасындағы қарым-қатынасы күрделі болғанын мәлімдеді.
"Ұлдарын таңға дейін ұрған. Әйелін де ұратын. Оны өзі видеоға түсіріп алатын болған. Оны әпкем айтты. Әпкем қанша кетіп қалса да, күйеуі келіп алып кететін. Білмеймін, қорқытады ма, не үшін кететінін түсінбейтінбіз", – деді ол.
Бұл мәліметтер күдіктінің туыстарының сөзіне негізделген және әзірге тергеу қорытындысы емес.
Әйелдің жақындары оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттелуі керек деп есептейді. Сондай-ақ олар тергеу аяқталғанға дейін біржақты қорытынды жасамауға шақырды.