Орыстар Оңтүстікте ЕУРО-5 үлгісінде зауыт салады

Dalanews 10 нау. 2017 14:42 804

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ресейлік «Космос-Нефть-Газ» қаржылық-өнеркәсіптік компаниясының президенті Иван Лачугинмен және қазақстандық «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен кездесті.

Басқосуда өңір басшысы мәртебелі меймандарға алғысын білдіріп, аймақтың өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, облысымыздың инвестициялық және туристік әлеуетін шетел нарығына таныстыру басты басымдықтарымыздың бірі екенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Оңтүстік Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін бар жағдайды жасауға әкімдік жағы толықтай әзір. Бүгінде облыста 11 индустриалды аймақта 151 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатса, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта 10 ірі кәсіпорын жұмысын жүргізіп жатыр. Мұнан бөлек, аймақтағы салаларға қаржы салған инвесторлар үшін салықтан босату сынды жеңілдіктер бар, –  деді әкім.

Өз кезегінде, ресейлік алпауыт компания өкілі И.Лачугин мен қазақстандық кәсіпкер С.Сейітжанов аймақ басшысына бірлескен жоба әзірлеп жатқанын жеткізіп, Еуро-5 стандарты бойынша мұнай химия комбинатын салу жұмысын қолға алуды жоспарлап отырғанын айтты. Жоспар бойынша жаңа зауыт жылына 2 млн. тонна шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы. Бүгінгі таңда сенімді серіктестер іздестіріп жүрген бизнесмендер әкімдік тарапынан жасалатын қолдаулар үшін аймақ басшысына алғысын білдірді.

Айта кету қажет, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланысы 2016 жылы 13583,5 млн. АҚШ долларын құраса, оның 3509,2 млн. АҚШ доллары экспорт, 9129,8 млн. АҚШ доллары импорт тауарлардың құны алады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар