Оралда әлеуметтік орталық директоры 11,5 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Қаракөз Амантай 08 сәу. 2025 12:26 733

Орал қаласының әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өмірлік қиын жағдайға қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығы» КММ-нің директорына қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын жеткізді.

“Директор электр жабдықтарын ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жалған актілерге қол қойып, еңбек қызметін іс жүзінде орындамаған адамдарға жалақы есептеу арқылы 2024 жылдың ақпан айынан желтоқсан айына дейін 11,5 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды”, — делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу бойынша тұрақты негізде профилактикалық және жедел іс-шаралар жүргізеді.

“Айыпталушы сотқа тартылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы негізінде өзге ақпарат жария етілмейді”, — деп толықтырды Антикор.

Конституцияның 77-бабының 3-тармағы мен Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, айыпталушының кінәсі тек соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар