Патриоттық сезімді арттыруда мерекелердің маңызы зор

Dalanews 30 қыр. 2024 09:34 2506

Халық арасында патриоттық сезімді арттыруда мерекелер мен мәдени іс-шаралардың маңызы зор. Біздің елімізде де азаматтардың отансүйгіштік сезімін арттыратын мерекелер бар. Оларға 25 қазан Республика күнін, Рәміздерді ұлықтау және Тәуелсіздік күнін қосуға болады. Осы ретте Dalanews.kz тілшілері еліміздің мерекелері мен мәдени іс-шараларын өзге елдікімен салыстырып, біздің құндылықтардың олардан бір мысқылда төмен емес екеніне көз жеткізді.

Дүниежүзінің көптеген елдері патриоттық сезімді арттыру үшін әртүрлі әдістер мен шараларды қолданып келеді. Зерттеу барысында бұл шаралар елдің тарихи, мәдени және әлеуметтік ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болып келетінін байқадық.

Бүгінде әлемді аузына қаратып отырған АҚШ-та ұлттық мерекелер мен салтанатты шаралар көп. Солардың ішінде 4 шілде де тойланатын Тәуелсіздік күнінің маңызы зор. Американдықтар осы мерекені атап өту арқылы халық арасында ұлттық мақтаныш сезімі қалыптастыруға күш салады екен. Бұдан бөлек әскери шерулер мен түрлі отшашулар патриотизмді насихаттаудың маңызды бөлігі ретінде қарастырады.

Осы ретте біздің елімізде ұйымдастырылатын әскери шерулер де ел ішінде әскердің танымалдығын арттыра түскені анық. Әскерилердің өмірі арқылы жастардың жүрегінде отаншылыдық сезімін ояту ісі Қазақстанда жақсы дамыған десек болады.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Отан қорғаушылар күнін 7 мамырға ауыстырдық. Осы мереке пайда болған күнінен бастап халық арасына тез сіңіп кетті. Қазіргі таңда 7 мамыр тек әскерилердің ғана емес, еліміздегі ер азаматтардың бәрінің ортақ мерекесі айналды. Дәл осы күні балабақша мен мектептен бастап әкімдік пен министрліктерде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, кең байтақ елімізде барлық жерінде мерекелік көңіл күй орнайды.  

Айтпақшы, АҚШ мектептерінде оқушылар күн сайын «Pledge of Allegiance» деп аталатын елге адалдық антын айтуды әдетке айналдырғанын киноларынан байқап жүрміз. Алдағы уақытта бізде де жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің отын жағу үшін осындай өлең жолдарын шығаруымыз керек. Тіпті, ол өлең жолдары болмаса да балалардың рухын көтеретін күй болса да болар еді.

Айтпақшы, Алматыда «Зердеш» деп аталатын қазақ тілінде балаларға білім беретін мектеп бар. Егер осы мектепке жолыңыз түсіп, бара қалсаңыз, білім ошағы қоңыраудың орнына күй атасы Құрманғазының «Адайын» пайдаланғанын көріп, риза боласыз.

Әрбір 45 минут сайын «Адай» күйі орындалғанда мектеп оқушылары сыныптарынан шығып, мәз-майрам болып жатқанын көріп, жүрек түкпіріңде бір қуаныш сезімі оянады. «Адай» күйін күнде тыңдап өскен балалар болашақта ұлтжанды азамат болып қалыптасатыны сөзсіз.

Әдетте той-томалаққа барғанымызда «Адай» күйін дүркірете қойып, даяшылар үлкен асымыз етті алып шығатына көзіміз үйренді ғой. О баста мұны кейбіреулер қолдаса, келесі біреулер жаратпай жүруші еді. Біздіңше, қазақтың руыхын оятатын осындай ән-күйіміз үлкен сахналардан ғана айтып қоймай кұнделікті өмірмізде кең қолданысқа енуі керек. Ата-бабамыздың ән-күйін, киімін күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналғанын қалаймыз. «Адай» күйінің фонында ет алып шыққаннан бұл күйдің бағасы түсіп қалмайды. Қайта күй жастардың құлағына сіңіп, патриоттық сезім ояна түседі.   

Сондықтан ел ішінде орын алып жатқан осындай үрдістерді қолдап, қолпаштап отыруымыз керек. Сол кезде ел азаматтарының бәрі ұлтжанды азаматқа айналады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар