Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте даулы ақпаратқа пікір білдірді. Бұған дейін "мұғалім" 14 жастағы оқушы қызды зорлады деген күдікке ілінгені айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, бұл - өрескел, ешқашан жол берілмейтін жағдай.
"Біз шұғыл әрекет еттік. Бізде балалардың құқығын қорғауға, балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген жағдайға арналған алгоритм бар. Балалардың құқығын қорғау комитеті жұмыс істейді. Дереу тиісті шаралар қабылдадық. Бұл Алматы емес, Алматы облысында болған. Мұғалім делінген адам ешқашан мектепте жұмыс істемеген. Сондықтан бұған да назар аудару керек. Бірақ бұл жауапкершілікті төмендетпейді", - деді Бейсембаев.
Министрдің пікірінше, бұл жағдайға тиісті құқықтық баға берілуі керек, қазір тергеу жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желі мен БАҚ-та "14 жастағы қызға тиісті деген күдікпен домбыра үйірмесінің мұғалімі қамалды" деген ақпарат тарады.
Оқиғаның бәрі Өтеген батыр ауылындағы қонақүйде болған.
Алматы облысы Полиция департаменті бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстап аудандық бөлімшеге жеткізді. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жәйын жан-жақты, толық әрі обьективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.