«Бүгінгі шараға оңтүстік шаруалары ерекше дайындықпен келді. Мұндағы бағалар базардағыдан 20-25 пайызға арзан босатылуда. Келушілердің басым көпшілігі ет және сүт өнімдеріне қызығушылық танытуда. Жәрмеңкенің ең басты ерекшелігі ретінде мұндағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің табиғи тазалығын айтсақ болады», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.
Бұл Оңтүстік шаруаларының ЭКСПО аясындағы 5-ші жәрмеңкесі. Негізгі тәртіпке сай отандық өнімдер қала тұрғындары мен қонақтарына жәрмеңке түрінде ұсынылуда. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы ЭКСПО көрмесі аясында 6 рет жәрмеңке ұйымдастыруды жоспарласа, осы аралықта Елордаға 12976 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері тасымалданбақ.
Биыл облысымызда егіс көлемі 20,7 мың гектарға артып, 809,5 мың гектарды құрады. Табиғаттың қолайлығына байланысты биыл өңір шаруалары мол өнім алуда. Мәселен, бүгінгі күнге облыс бойынша 762 мың тонна көкөніс, 1 млн тоннадан астам бақша дақылдары мен 208 мың тонна картоп жиналды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі