Оңтүстіктің тарихи керуені Астана көшесімен жүріп өтті `(фото)

Dalanews 30 там. 2017 05:08 1183

Астана қаласының бас көшелерімен «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты өнер керуені жүріп өтті. Еліміздің тарихынан сыр шертетін сазды керуен «Ғашықтар»  алаңынан «Бәйтерек» алаңына дейінгі аралықты қамтыды.



Керуен сапында  Алтын адам, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи, Әл-Фараби сынды тарихи тұлғалар мен ғұламалар, хандар мен батыр, билер бейнесіндегі өнер азаматтары, ЭКСПО аруы мен ұлттық киім киінген әнші, бишілер, цирк өнерпаздары және тайқазан, арба сынды ұлтық құндылықтарымызды айшықтайтын бұйымдар бар. Өңірдің тарихи келбетін танытар өнер көшіне 500-ге жуық өнерпаз қатысып, жергілікті композиторлар Ш.Қалдаяқов, С.Бəйтерековтің əндерін қосыла орындады.



Керуен басы «Қазына», «Шаттық», «Шамсинур» би ансамбльдерінің орындауындағы «Мереке думан» биімен бастау алып, «Бәйтерек» алаңында 600 жас домбырашының бір мезетте Қ.Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін орындауымен аяқталды.

Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы бірінші күні «Бәйтерек» алаңында облыстың өнер шеберлерінің «Сәлем, Астана! Сәлем, ЭКСПО-2017!» мерекелік концертімен қорытындыланды.



Концертте ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Таженова «Домбыра туралы баллада» орындаса, «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің «Х-бэнд» эстрадалық джаз ансамблі заманауи шығармалар ұсынды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері «ЭКСПО-2017» туралы ән шырқаса, «Семсер» тобы "Отырардағы той" əнімен өңірдің киелі өлкесін дəріптеді. "Өркен" отбасылық ансамблі, "Асу" триосы мен көптеген өнер саңлақтары  өнер думанымен Астана кешін асқақтатты. Оңтүстіктің тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, эстрада əншісі Гүлнəр Сиқымбаева астаналық көрерменді əсем даусымен тəнті етті.



Көрерменді ән мен күйге бөлеген Оңтүстіктің өнер майталмандары бүгінгі кеште 30-дан аса таңдаулы нөмірлерімен ел ықыласына бөленді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Сəдібеков Ұласбек Сəдібекұлы еліміздің барлық облыс әкімдері қол қойған ЭКСПО туын «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Жошыбаев Рапиль Сейтханұлына салтанатты түрде табыстады.



Айта кетейік, 29 мамыр күні  оңтүстікқазақстандық 10 байкер ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне республикалық мотошеру ұйымдастырып, мотоциклмен еліміздің бірқатар облыстарын жүріп өтіп Астанадағы өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған көрмесіне келген болатын.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында күнгей жерінен келген 1 мыңнан астам əртістер астаналықтарға өз өнерлерін ұсынатын болады.





 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар