Оңтүстіктің бюджеттік мекемелері жылу маусымына 100 пайыз дайын

Dalanews 26 қыр. 2017 03:06 804

Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1510 білім беру мекемесі мен 896 денсаулық сақтау нысандары жылу беру маусымына 100 пайыз дайын.  Бұл туралы бүгін ОҚО Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірде сонымен қатар  803 әлеуметтік, 723 мәдениет мекемесі, 61 спорт нысаны мен жұмыспен қамту саласындағы 19 мекеме қыс мерзіміне толық әзірліктен өткен. Ал облыстағы  3209 бюджеттік мекеме 176,9 мың тонна қатты және 5,8 млн литр сұйық  отынмен қамтамасыз етілген.

«Бүгінгі таңда облысымыздағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 2327 көпқабатты тұрғын үйдің 2094-і  қысқа маусымға дайындықтан өткен. Қалған 233 үйді  1 қарашаға толық дайындау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жылу энергиясын өндіруші кәсіпорындарға қатты отын қоры кестеге сәйкес тасымалдануда», - деді  М.Марайым.

Сондай-ақ баспасөз конференциясында Шымкент қаласының жылу беру маусымына дайындық барысын баяндаған қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов орталықтандырылған жылу жүйесіне қаланың 1811 көпқабатты үйлері қосылғанын атап өтті. Спикердің мәлімдеуінше, аталған көпқабатты тұрғын үйлердің бүгінгі таңда 1610-ны жылу маусымына дайын. Ал, қалған тұтынушылар жылу маусымына дейін дайындық жұмыстарын аяқтайды.

Бүгінгі таңда  қаланың оңтүстік бөлігіндегі диаметрі 1000 мм жылу жүйесі толығымен суға толтырылса, ертеңнен бастап қаланың оңтүстік бөлігіндегі магистралдық және ішкі орамдық жылу жүйелерін сумен толтыру жұмыстары басталады екен. Ал қаланың солтүстік бөлігіндегі жылу жүйелеріне қазан айының 1-нен басталады.

Облыстағы бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру арнайы бекітілген ережеге сәйкес жүргізілетін болады. Яғни, сыртқы ауа температурасының орташа көрсеткіші 5 тәулік бойы +5°С және одан төмен болса, жылыту маусымын бастау туралы шешім қабылданады.

Айта кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында облыстың 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралған болатын.

Онда әкім қыс мерзіміне дайындық жұмыстары бойынша апта сайын тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бақылауға алу қажеттігін айтып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттемелер жүктеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар