Оңтүстіктің агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамиды

Dalanews 15 нау. 2017 08:53 880

Оңтүстік шаруалары өзара тәжірибе алмасып, кооперативтер құру ісіне жаппай жұмылуы тиіс. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді бірігіп, ұжымдасып шешуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлініп отырған  түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуге септігін тигізеді. Бұл туралы  Түлкібас ауданы, Керейт ауылында өткен  «Кооперация-агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» атты көшпелі семинарда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Семинарға қатысушылар алдымен  2012 жылы өңірлік индустриялды карта шеңберінде  іске қосылған  «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің бекіре тұқымдас балық өсіру фермасының жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 452,0  млн теңге. Кәсіпорын жылына  40 тонна балық еті мен 30,0 келі  қара  уылдырық өндіруге қауқарлы. Балық өсіру ісінде мол табысқа кенеліп отырған «First Fish Company» ЖШС шараға қатысушыларға балық өсірудегі тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, қазіргі таңда облысымызда  балық өнімдерін қайта өңдейтін 3,   балық өсіретін 28 шаруашылық бар. Мәселен олар 2016 жылы 5213 тонна балық өнімдерін өндірген.

Семинарда сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығын дамытудағы негізгі басымдықтарға тоқталып, шаруаларды кооперативтерге бірігуге шақырды.

– Біздің облыстың болашағы – ауыл шаруашылығында. Сондықтан тәжірибесі мол шаруа қожалықтары тірлігін енді бастаған  әріптестеріне барынша қолдау білдіруі қажет. Білгенін үйретіп, аяқтан тұруына көмек қолын созғаны абзал. Сонда ғана ұсақ шаруашылықтарды біріктіруге, ірі жобаларды іске асыруға кіріктіруге болады. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан бөлінген субсидияларға қол жеткізуге ықпал етеді. Ең бастысы – Оңтүстіктің ауыл шаруашылығы дамиды, – деді Жансейіт Қансейітұлы.



Бұдан бөлек семинарда   ауыл  шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.  «Кооперация-агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» тақырыбында   теориялық жиында  балық шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығын  дамыту, ауылдық елді-мекендерде сүт өндіруші шаруашылықтардың басын қосу,  ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру туралы сала мамандарының пікірлері тыңдалды.

Мұнан соң облыс басшысы аталған мекемеге қарасты «Арсен Ас» ЖШС-нің жеміс-жидек концентраттарын және табиғи сусындар шығару цехін аралап көрді. Жобаның жалпы құны  600 млн.теңге.  Оның ішінде  120 млн. теңгесі серіктестіктің өз қаржысы, 480,0 млн. теңгесі АИО «Максимум» қаржы ұйымы есебінен несиелендірілген. Аталған зауытта 38 адам еңбек етеді.

Ал, «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС  2014 жылы ашылған фермасында 182 бас жылқы бар.  Жобаның жалпы құны – 200 млн теңге. Фермада  Ақалтеке, Донская, Кушумская, пони және  асылтұқымды  мініс жылқылары жеткілікті.  Аталған шаруашылық 1120 ұсақ мал мен  шетелден әкелінген асыл тұқымды 660 абердин –ангус, 241 герефорд сиырын бағып отыр.  Одан өзге жергілікті 900 ірі қара мал өсірілуде.



ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар