Аграрлы аймақтың шаруалары мемлекеттің қолдауы мен тынымсыз еңбектің арқасында биыл егіс науқанын жақсы көрсеткішпен аяқтады. Мерекелік шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары бастаған жалпы 8 мыңға жуық адам қатысты.
Облыс әкімі Ж. Түймебаев бастаған фестиваль қонақтары алдымен ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін айшықтайтын көрмемен танысып шықты. Көрмеде халықтың назарына ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері мен озық техникалар ұсынылды.Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде облыстың барлық аудандарынан жиналған жалпы көлемі 182 тонна табиғи таза өнімдерді нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан бағамен жұрт назарына ұсынды.
[caption id="attachment_31526" align="aligncenter" width="822"] Фото. Самат Мырзалиев.[/caption]
Облыс әкімі Ж. Түймебаев жыл бойына тынымсыз еңбек еткен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, аталған салада белсенділік танытып, үздік көрсеткішке қол жеткізген шаруалар мен аудандарды марапаттады. Өңір шаруалары «Озат астық жинаушы», «Озат мал бордақылаушы», «Озат бақша өсіруші» сынды 27 номинация бойынша марапатқа ие болса, аудан-қалалар арасында 15 бағыт бойынша үздіктер анықталды.
– Облысымыздағы ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 211,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсті. Импорт көлемі 320 млн. АҚШ долларына жетіп, 4 пайызға кеміді. Осылайша республикада облыстың үлесі 13 пайызға жетіп отыр. Ағымдағы жылы мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері де толағай табыстарға қол жеткізгенін байқауға болады, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Фестиваль мұнан соң орталық атшабардағы қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі сынды ұлттық спорттың 12 түрінен сайыстарға ұласты. Түрлі аудандардан жиналған білектілер өзара мықтыларды анықтады. Үздік атанған барлық қатысушылар мен спортшыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Мереке аясында 16 киіз үй тігіліп, фестиваль қонақтарына арнап ұлттық тағамдар мен сусындардан дастархан жайылды. Мерекелік шара соңы облыстық өнер жұлдыздарының гала концертіне ұласты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
https://dalanews.kz/31519