Оңтүстікте 245 мыңға жуық оқушы жазғы лагерьге барады

Dalanews 24 мам. 2017 14:24 912

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылы 1 мен 10-сынып оқушыларының саны 579 мыңға жуық оқушыны құрап отыр. Осы балалардың жазғы демалыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында өңірдегі 1858 түрлі бағыттағы лагерьлер жұмыс жасайтын болады. Ал оларда  244 674 бала демалады деп жоспарлануда. Бұл жалпы оқушылардың 42 пайызын құрайды. Осының ішінде 32 мыңға жуық бүлдіршін лагерлерге тегін жіберіледі.

Яғни, қала сыртындағы 22 сауықтыру лагерінде  28 829 бала демалса, 15 мың бала өзге аймақтар мен шет елдердегі лагерьлерге барады деп күтілуде.

Сонымен қатар, мектеп жанында жұмыс жасайтын 1836 лагерге 200845 оқушы қамтылады. Онда келген балалар түрлі үйірмелерге қатысып, тарихи орындарға саяхат жасайтын болады. Ал облыстағы 4 балалар үйіндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 300 тәрбиеленуші жаз маусымында демалыспен толық қамтылып отыр. Өңірде жазғы лагерлер маусым айының бесінен бастап жұмысын бастайды. Бүгінде бұл демалыс орындардың барлығы балаларды қарсы алуға дайын.

Тағы бір айта кететін жайт, 2017 жылдың маусым-шілде айларында өскелең ұрпақты өңірдің тарихи орындарымен таныстыру және туған жердің мәдениетін насихаттау мақсатында мектеп және техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарының 110 мың білім алушыларына «Туған жерге тағзым» шарасы жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, Астана қаласында өтетін ЭКСПО көрмесін тамашалауға  облыстан 4 мыңға жуық бала баратын болады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар