Оңтүстік өнерпаздары облыс әкімінің сыйлығына ие болды

Dalanews 31 мам. 2017 10:56 957

Шымкент қаласында  мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Мәдени қызмет – мерейлі міндет» атты мәдени іс-шарасы өтті. Шара барысында еліміздің мәдениет және руханият саласына еңбегі сіңген бір топ  өнер және әдебиет қайраткерлеріне облыс әкімінің арнайы сыйлығы табыс етілді.

Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының  қолынан сыйлық алғандардың қатарында жазушы Әдіхан Шілтерханов, ақын-сазгер, драматург Исраил Сапарбай,  әнші Ақжол Мейірбеков, Нұрлан Өнербаев, Алтынай Жорабаева сынды саңлақтар  бар.

– Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіби театрлардың саны 8-ге жетіп, онда жыл сайын 40-тан астам жаңа спектакль сахналанып келеді. Осының өзі Оңтүстік жұртшылығының шынайы өнерге деген ықылас-пейілін танытса керек. Жыл сайын облыс орталығында «Театр көктемі» фестивалі өткізіледі. Баршаңызға мәдениет пен өнерге қызмет ету жолында зор денсаулық, шабыт, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін, – деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының артисі Сапар Өтемісов облыс әкіміне алғыс тілегін білдірді.

Кеш барысында өңіріміздің 8 өнерпазына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері мен  облыс әкімінің грамоталары табысталды.  Сондай-ақ   «Түркістан 2017 жыл - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы мен түркі әлемінің «Наурызнама» мерекесін ұйымдастыруға атсалысқан  шығармашылық ұжымдарға облыс әкімінің атынан алғыс хаттар   берілді.

Іс-шара барысында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған М.Айтжановтың  «ЭКСПО» әнінің тұсауы кесілді. Облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің   қызметкерлерінен құралған хордың орындауындағы ән алдағы уақытта ЭКСПО-2017 көрмесінде шырқалатын болады.  Кеш соңы керемет концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар