Оңтүстік Корея Қазақстаннан мұнай жеткізуді қарастырып жатыр

Қаракөз Амантай 07 сәу. 2026 14:48

Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик Қазақстанға және Парсы шығанағы елдеріне жұмыс сапарымен келеді. Бұл туралы Yonhap агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сапардың басты мақсаты – Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасының бұзылуына байланысты шикі мұнай мен нафта жеткізілімін тұрақтандыру жолдарын талқылау. Қазіргі жағдайда бұл бағыттағы қозғалыс айтарлықтай шектелген. Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қысымды күшейтіп, Тегераннан маңызды теңіз жолын ашуды талап еткен.

Кан Хун Сик президенттің арнайы өкілі ретінде Қазақстанда, сондай-ақ Оман мен Сауд Арабиясында келіссөздер жүргізеді. Ол үкімет өкілдерімен, энергетикалық компаниялармен және кеме операторларымен кездесіп, жүктерді Оңтүстік Корея порттарына жеткізуді қамтамасыз ету және негізгі тауарлардың тұрақты жеткізілімін сақтау мәселелерін талқылайды.

Оның айтуынша, қазіргі таңда үкіметтің басты міндеті – халыққа қажет негізгі өнімдердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету. Себебі Оңтүстік Корея әлі де Таяу Шығыстан импортталатын мұнай мен нафтаға тәуелді. Ал нафта – мұнай-химия және өзге де өндіріс салалары үшін маңызды шикізат.

Канның мәліметінше, өткен айда Біріккен Араб Әмірліктерінен 24 миллион баррель мұнайды басым тәртіппен жеткізу туралы келісім жасалған. Қазір бұл жеткізілімдер оңтүстіккореялық порттарға келіп жатыр.

Сондай-ақ ол Таяу Шығыстағы жағдай толық тұрақталғанға дейін ұзақ мерзімді жеткізілімдерді қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Корея билігі Ормуз бұғазында тұрған 26 кеме қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолға алған. Бұл кемелер ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан кейін бұғазда тұрып қалған. Қазіргі таңда экипаж қауіпсіздігі басты назарда.

Кейінгі уақытта Оңтүстік Корея энергия көздерін әртараптандыруға күш салып келеді. Себебі ел шикі мұнайдың шамамен 70 пайызын Таяу Шығыс елдерінен импорттайды. Бұл жағдай жеткізілімдердің үзілуі мен бағаның күрт өзгеруіне тәуелділікті күшейтеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove