«Өнерлі өлке»: Кентаулық өнерпаздар ұлттық құндылықтарды насихаттау

Жарбол Кентұлы 13 қыр. 2024 07:13 1400

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдениет күндері өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан төріндегі шара гала-концертпен қорытындыланды. Мерекелік шараның ашылуында қала әкімі Жандос Тасов ізгі тілегін арнап, өңірдің рухани дамуы аясындағы игі шараның маңыздылығын атап өтті. Кентау жұртшылығы үшін облыс орталығында ұлттық құндылықтарды насихаттау үлкен мақтаныш екеніне айрықша тоқталды.

Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Шараны Түркістан театрының мықты майталмандары Ақсұлтан Әнуарбек, Гүлзада Айтбаева жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Қала өнерпаздарынан бөлек, эстрада жұлдыздары да белсене атсалысты.

Барлығы жанды дауыста көрерменге өнер көрсетті. Қалалық Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінің әншілері мен елімізге танымал жарық жұлдыздары АқботаНұр Сейтмаханбетова, Kayl Рух лақап атымен танылған жұлдыздар өз өнерлерін паш етіп, мың бұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ, көрермен арасында караокеде Кентау қаласынан шыққан компазиторлардың әндерін шырқап, кештің сәнін келтірді. Ерекше сәттің куәсі болған көрермен дән ризашылықтарын білдіріп, кештен қимай тарқасты.

Бүгінгі шара «Береке бастауы» ауыл шаруашылық өнімдері, кондитерлік және тағы басқа өнімдердің жәрмеңкесінен бастау алды. «Жаңа бағыт» заманауи қолөнер түрлері көпшілікке көрсетілді. Оның ішінде Кентау қаласында сұранысқа ие робототехника құрылғылары, аппаратпен ағаш кесу, гипстан түрлі дүние жасау секілді туындылар бар.
 
Бүгінде Кентауда жетістігі мол сурет көрмесі және «Мен кәсіпкер боламын» балалардың көрме-жәрмеңкесі салтанат құрды. Көпшілікті тәнті еткен балалардың өнері көпке үлгі.
 
Аламан алаңда «Дала дүбірі» ұлттық спорттық ойындарда тұрғындар сайысқа түсті. Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, қой көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрес, тоғызқұмалақтан тартысты сайыстар өткізіліп, каратэ-до-шотокан, көркем гимнастика шеберлері көрермендерді өнерлерімен тамсандырды. Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
 
Этноауыл сахнасында «Балалықтың аспаны» Кентау қаласы оқушылар үйінің және саз мектебінің концерттік бағдарламасы өткізілді. Онда әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі жанрда би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аға буындар бүлдіршіндермен бірге батпырауық ұшырып, балалар әлеміне саяхат жасады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар