«Онда қауіпті қылмыскерлер ұсталады». Депутат республикалық жындыханаларды жаңғыртуға шақырды

Көркем Алдабергенова 02 қаз. 2025 14:00

Сенат депутаты Геннадий Шиповских Алматыдағы Республикалық психиатриялық аурухананы жаңғырту қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, нысан қазір сын көтермейтін жағдайда тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл – елдегі жалғыз орталық, мұнда сот шешімімен аса қауіпті қылмыс жасаған психикалық ауытқуы бар адамдар мәжбүрлі ем қабылдайды. Алайда қазіргі ахуалы тек науқастар үшін емес, жалпы қоғам үшін де қатер төндіруде.

"Террористік және экстремистік ұйым мүшелері, кісі өлтірушілер мен өзге де аса қауіпті қылмыскерлер ұсталып отырған мекеме санитарлық нормаларға да, қауіпсіздіктің қарапайым талаптарына да сай келмейді. 1972 жылы салынған ғимаратқа ешқашан күрделі жөндеу жасалмаған, лифті мен пандустары жоқ, сейсмикалық тұрғыдан күшейтілмеген, ал әлсіз қоршау жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Осындай жағдайда біз қоғам үшін ерекше қауіп төндіретін адамдарды бақылауда ұстап отырмыз. Бұл – жол беруге болмайтын қасірет қаупін тудырады", – деді Шиповских өз депутаттық сауалында.

Сенатор кадр тапшылығына да назар аударды: 750 штаттық бірліктің тек 647-сі ғана толтырылған. Оның сөзінше, төмен жалақы мен әлеуметтік пакетінің болмауы қызметкерлерді, әсіресе кіші медициналық персоналды және шаруашылық сала мамандарын ұстап қалуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл стратегиялық нысан жұмысының тұрақсыздығын одан сайын күшейтуде.

Шиповских аурухананы стратегиялық нысандар қатарына қосуды, жаңа корпус салуды, күрделі жөндеу жүргізуді, инженерлік жүйелерді жаңғыртуды, сондай-ақ қызметкерлерге әлеуметтік пакетпен бірге еңбекақыны арттыруды ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар