Өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиев жеке камераға ауыстырылғаны айтылды

Өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиев жеке камераға ауыстырылғаны айтылды
Фото-коллаж: kznews.kz

Жангелдин ауылында бір отбасы мүшелерін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиев Атыраудағы тергеу изоляторында жеке камераға ауыстырылған болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, бұл ақпаратты редакцияға бір-біріне тәуелсіз бірнеше дереккөз жеткізген. Алайда әзірге Сәрсемәлиевтің жалпы камерадан бөлек орналастырылғаны ресми түрде расталған жоқ.

Дереккөздер мұндай шешім сотталушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылдануы ықтимал екенін айтқан. Мекеме басшылығы белгілі бір алаңдаушылыққа байланысты оны күшейтілген бақылауға алып, өзге қамаудағылардан бөлек ұстауды жөн көрген болуы мүмкін.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қамаудағы немесе сотталған адамды қауіпсіздік мақсатында жеке камераға орналастыру тәжірибесі бар. Бұл шара қосымша жаза ретінде қарастырылмайды және адамның өзіне немесе айналасындағыларға төнуі мүмкін қауіптің алдын алуға бағытталады.

Еске салайық, Сұлтан Сәрсемәлиев Жангелдин ауылында отбасы мүшелерін өлтірді деп танылып, сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Аталған қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Басылым Сәрсемәлиевтің жеке камераға ауыстырылғаны туралы мәліметті растау және мұндай шешімнің себебін түсіндіруді сұрап, Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне ресми сауал жолдаған.

Материал жарияланған уақытта ведомстводан жауап түспеген. Ресми ақпарат берілген жағдайда материал толықтырылуы мүмкін.