.
Cуға жүзу
Жүзу спортынан бұған дейін ешкім Олимпиада ойындарында медаль алып көрмеген еді. Ал Дмитрий Баландин сол олқылықтың орнын толтырды.
Ол брасс әдісімен 200 метр қашықтықта суға жүзу жарысында белгіленген қашықтықты 2:07:46 уақытта жүріп өтіп, бірінші орынға ие болды.Екінші орынды америкалық Джош Прено (2:07.53) алды. Ал үшінші орын ресейлік Антон Чупковтың (2:08.08) еншісінде.
ЖалпыДмитрий Баландин туралы айтатын болсақ. Оны алғаш рет жанкүйерлер осыдан екі жыл бұрын таныды. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII жазғы Азия ойындарында көптеген спорт мамандары мен жанкүйерлерді өнерімен баурап алған спортшылардың бірі осы суға жүзуші Дмитрий Баландин еді. Шынымен де талантты. Қолы ұзын. Техникалық арсеналы бай. Қола медаль алсам да қанағат деп келген 19 жастағы спортшы сол жолы үш дүркін Азия чемпионы атанып қайтты. Кейбіреулер, тіпті, оны «Азияның жаңа Фелпсі» деп жатты. Ал былтыр Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен XXVIII Дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындарында жеңімпаз атанды. Одан бөлек, Қазандағы әлем чемпионатында жүлдеге жақын болды.
Ауыр атлетика
Ауыр атлетикадан 77 келіге дейін салмақтағы Ниджат Рахимов чемпион атанды. Ол жұлқа көтеру сайысын 165 келімен үшінші болып аяқтаған еді. Жұлқа көтеру жаттығуында 177 келі зілтемірді көтерген Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, қытайлық Люй Сяоцзюнь кіші алтынды еншіледі.
Ал серпе көтеруде жерлесіміз алдымен 202 келіні басынан асыра көтерді. Екінші мүмкіндігінде 212 келі зілтемірді бағындырды. Осылайша, жерлесіміз Рио Олимпиадасының жеңімпазы атанды.
69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақ зілтеміршісі Жазира Жаппарқұл Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Жұлқа көтеру жаттығуында жерлесіміз бірінші мүмкіндігінде 111 келіні көтерді. Кейін спортшы 115 келіге тапсырыс беріп, ол салмақты да бағындыра алды. Ал үшінші мүмкіндігінде 117 келіні көтере алмады. Осылайша Жазира жұлқа көтеру сайысын екінші болып аяқтады.Бұл сайыста кіші алтынға қытай қызы Сян Яньмэй ие болды. Ол Жазирадан бір келі артық көтерді. Үшінші орынға мысырлық Сара Ахмед тұрақтады. Ол 112 келілік зілтемірді еркіне бағындыра білді.
Серпе көтеруде қазақ спортшысы бар күшін салды. Алдымен Жазира 140 келіні көтере алмады. Кейін ол сол салмақты еркіне бағындырды. Соңғы мүмкіндігінде Жазира Жаппарқұл 144 келіні бағындырды. Қос сайыстың қорытындысы бойынша жерлесіміз 259 келімен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.Осылайша, Жазира Олимпиада ойындарында жүлделі орынға ие болған тұңғыш қазақ қызы атанды.
Қос сайыстың қорытындысы бойынша қытай қызы Сян Яньмэй (261 келі) алтын жүлдеге ие болды. Қола жүлде мысырлық Сара Ахмедке (255 келі) бұйырды.
Бокс
Өкінішке қарай, бокстан 49 келідегі үкілі үмітіміз Біржан Жақыпов Рио Олимпиадасын ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды. Ол өзбек боксшысы Хасанбай Дусматовтан ұтылып қалды.
Кездесуден кейін тілшілерге қысқаша сұхбат берген боксшы қазақстандық жанкүйерлерден кешірім сұрады.
Ойлаған ойымды жүзеге асыра алмадым. Бірнеше қателік жібердім. Сәтсіздігім үшін Қазақстан жанкүйерлерінен кешірім сұраймын», - деді жарыстан кейін Біржан Жақыпов.
Айта кетейік, Біржан Жақыпов осымен үшінші рет Олимпиада ойындарына қатысты. Үшеуінде де ширек финалдан әрі аса алмады. Бұған дейін екі рет қытайлық Зоу Шиминнен ұтылса, бұл жолы өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовтан жеңілді.
Ал 91 келідегі Василий Левит ширек финалда мавританилық Кеннеди Сен Пьерді жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Бірінші раундта Василий Левит қарсыласына жақсылап зерттеді. Екінші раунда ол Кеннеди Сен Пьерді ауыр соққылардың астына алды. Үшінші раунд та қазақстандық боксшының басымдығымен өтті. Қорытынды есеп – 3:0 (30:27, 30:27, 30:27. Нәтижесінде Василий Левит Рио Олимпиадасының жартылай финалына өтті. Ол төрт жылдықтың басты додасында жеңіс тұғырынан көтерілетін спортшылардың қатарында.
Осыған дейін Василий Левит алғашқы қарсыласы қытайлық Юй Фенкайды ауыр соққылардың астына алып, екінші раундта нокдаунға жіберді. Осыдан соң Юй Фенкай рингке шығудан бас тартып, Василий техникалық нокаутпен келесі кезеңге жолдама алған болатын.
Тапаншамен нысаны ату
қашықтықта тапаншамен нысананы ату сайысында өнер көрсеткен қазақстантық спортшылар Рашид Юнусметов пен Владимир Исаченко жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.
50 метрде тапаншадан оқ ату сайысының іріктеу кезеңіне қазақстандық екі спортшы қатысқан болатын. Нәтижесінде Рашид Юнусметов 553 ұпаймен 13-ға орынға тұрақтады. Ал екінші мергеніміз Владимир Исаченко 536 ұпаймен 36-шы орыннан көрінді. Осылайша, екі спортшымыз да финалға өте алмады.
Осы сайыста үздік нәтижені 567 ұпаймен оңтүстік кореялық спортшы Джин Джонго көрсетті. Ал ақтық сайысқа Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Солтүстік Корея, Вьетнам және Словакия елдерінің спортшылары шықты.
Садақ ату
Садақ ату жеке сайысында сынға түскен қазақстандық спортшы Луиза Сайдиева да алғашқы айналымнан өте алмады.Қазақстандық спортшы садақ ату сайысының 1/32 финалында украиналық Анастасия Павловадан жеңіліп қалды. Есеп 0:6 (22:28, 26:29, 24:29). Осылайша, жерлемесіз Рио Олимпиадасында жүлделін орыннан көріну мүмкіндігінен айрылды.
Велоспорт
Велошабондоз Андрей Зейц Олимпиада ойындарында 24-ші орынға ие болды. Велспорттан өткен сайыста Андрейге 54,5 қашықтықты бағындыру қиынға түсті. Ол осы қашықтықты 1:18:47 уақытпен жүріп өтіп, жалпы командалық есепте 24-ші орынға ие болды.
Бұл қашықтықта алтын жүлдені швейцариялық Фабиан Канчеллара (1:12:15) алса, күміс медаль нидерландалық спортшы Том Дюмуленға бұйырды. Ал қола медаль ұлыбританиялық Крис Фрумның еншісінде кетті.
Семсерлесу
Семсерлесуші Илья Мокрецов 1/16 финлда америкалық Дэрил Гомермен кездесті.Нәтижесінде жерлесіміз АҚШ спортшысынан 11:15 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, Илья байрақты бәсекедегі жарыс жолын аяқтады.