Олигархтардың жарты миллиард теңгелік әшекейлері мен сағаттары аукционға шығарылады. Бұған дейін тәркіленген әшекей бұйымдар, сувенирлік монеталар мен сағаттар сатылымға қойылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС E-Qazyna веб-платформасында электронды аукцион өткізілетінін мәлімдеді. Бұл жолы сатылымға зергерлік әшекейлер, сувенирлік монеталар мен сағаттар қойылады. Лоттардың жалпы бастапқы құны – 548 145 236 теңге. Аукцион 2025 жылғы 16–18 қыркүйек аралығында өтеді.
"Сауда-саттық онлайн форматта өтеді, бұл кез келген нүктеден қатысуға мүмкіндік береді. Қайтарылған активтерді басқару компаниясы барлық рәсімдердің ашықтығына кепілдік береді және лоттар туралы толық ақпарат, оның ішінде сипаттамасы мен бағалау құнына қолжетімділікті қамтамасыз етеді", – делінген хабарламада.
Ұйым сайтының деректеріне сәйкес, 64 лоттың ішінде ең қымбаты – құны 150 млн теңге тұратын Ulysse Nardin сағаты болмақ.