Олигарх Өтемұратовтың туысына шыққан үкім өзгерді

Сағыныш Сардарова 06 нау. 2024 16:36 3449

Бұқаралық ақпарат құралдарында Болат Өтемұратовтың сотты болған туысына шартты емес, нақты мерзім берілгені туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Олигархтың жақыны Данияр Өтемұратов былтыр алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған еді. Оның ағасы Болат Өтемұратов 2,7 миллиард долларлық байлыққа ие, соның арқасында Forbes журналының ең бай қазақстандықтар тізімінде 2-орында тұр.

"Биыл ақпанда Данияр Өтемұратов 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Кеше Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына өзгертті", - деп жазды Чиновник арнасы.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада Данияр Өтемұратовтың ісі бойынша үкім жарияланды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды. 

Козачковтың мәліметінше, Болат Өтемұратовтың туысы 2021 жылы Атырауда алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін сотталған ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Төлеубаевпен танысқан. ҰҚК бұрынғы қызметкері Жоғарғы сотта ақталғысы келетінін, содан кейін жұмысқа қайта оралуды көксейтінін айтқан. Өтемұратовтар отбасының өкілі оған Президент әкімшілігі мен сот органдарында байланысы барын, көмектесе алатынын айтқан. Осылайша 50 мың доллар үшін мәселе шешілетінін жеткізген.

Төлеубаев келісіп, бірнеше күннен кейін 30 мың әкелген, содан кейін оның жұбайы Данияр Өтемұратовтың шотына тағы 20 мың доллар аударған. Осыдан кейін Өтемұратовтың туысы жоғалып кетеді, ол қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермей, ақшаны да қайтармай жүріп алған. Сол кезде Төлеубаев құзырлы органдарға арыз беруге мәжбүр болған. Бірақ Данияр ақша беруге асықпайды. Былтыр қарашада полиция оны тұтқындауға рұқсат алғаннан кейін ғана 50 мың долларды бірден қайтарған. 

Ал сотта Өтемұратов кінәсін толық мойындап, өкініп, істі қысқартылған тәртіппен қарауды өтінген. Ол сол кезде Қызылорда облысында қандай да бір нысан салып жатқанын және арматураны төлеуге қаражаты жетпегенін мәлімдеген. Оның Жоғарғы сотта және Президент әкімшілігінде ешқандай таныстары болмағанын да жеткізді.

Ақырында Данияр Өтемұратов алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты мерзімге сотталды. Козачков бұл тұста сыбайлас жемқорлық қылмысы да барын айтқан еді. Алайда сол кезде Өтемұратов мұндай қатаң сценарий бойынша сотталмады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар