"Өлім жазасын" кесіп қойды". Алматының бұрынғы бас сәулетшісі сотта соңғы сөзін айтты

Көркем Алдабергенова 11 ақп. 2025 14:23 993

Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов құрылысқа рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ол тағылған айыппен келіспейтінін және құқық қорғау органдары құқығын бұзғанын мәлімдеді.

“Егер бұл менің соңғы сөзім болса, барлық қатысушыларға алғыс айтқым келеді. Бірақ айыптау қорытындысы жарияланған кезде, мен “заң және тәртіп” ұғымдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура тарапынан басқаша қабылданатынын түсіндім. Мен ең алдымен өзім үшін емес, денсаулығымның жай-күйі мүмкіндік бермейтіндіктен алаңдаймын. Прокуратура мен Антикор маған өлім жазасына үкім шығарды”, – деді Ахмеджанов.

Ол екі жыл бойы өзін “робот секілді” сезінгенін, моральдық және физикалық қысым көргенін атап өтті.

“Олар мені екі жыл бойы қорлап қана қоймай, "өлім жазасына" да үкім шығарды”, – деп қайталады бұрынғы сәулетші.

Ахмеджанов өзінің бүкіл өмірін сәулет және қала құрылысы саласындағы құқықтық нормаларды жетілдіруге, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге және бюрократиялық талаптарды қысқартуға арнағанын айтты. Алайда, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, ол Қазақстанда құқықтық нормалар “прокуратура мен Антикордың арқасында іс жүзінде жоқ” екенін түсінгенін мәлімдеді.

"Мен тағылған айыптармен мүлде келіспеймін және денсаулығым мүмкіндік бергенше өзімнің ақтығымды дәлелдеуге тырысамын", – деді Ахмеджанов.

Сондай-ақ, ол сот аяқталғанға дейін үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішінің қанағаттандырылмағанына наразылық білдірді.

“Бұл – прокуратура тарапынан менің өміріме қауіп төндіру, яғни қылмыстық жазаланатын әрекет”, – деп қосты бұрынғы сәулетші.

Оның пікірінше, заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қалалық әкімшіліктің басшылары көтеруі керек.

“Әкімдікке айтқым келеді: келесі сотталушылар – қала басшылығы болуы тиіс, өйткені барлық нормативтік-құқықтық актілер олардың қолымен бекітілді”, – деп түйіндеді ол.

2023 жылдың шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ахмеджановтың Алматыдағы жер қатынастары саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Оған заңсыз рұқсат құжаттарын бергені үшін айып тағылып, бұл қала маңындағы таулы аймақтардың құрылысқа берілуіне және мемлекетке шамамен 500 миллион теңге залал келтіруіне себеп болғаны айтылды.

Сот процесі барысында Ахмеджановтың қамауға алынған кезде ота жасатқанын және оңалтуды қажет еткенін, алайда тергеу изоляторында оған қажетті медициналық көмек көрсетілмегені анықталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар