Астанада мемлекет меншігіне қайтарылған қымбат жылжымайтын мүлік нысандарының бірі – «Парижский квартал» тұрғын үй кешеніндегі екі деңгейлі пәтер сатылымға шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Электронды сауда алаңында жарияланған ақпаратқа сәйкес, лот ретінде жалпы ауданы 309,5 шаршы метр болатын №6 екі деңгейлі пәтер ұсынылған. Нысан Астана қаласының Алматы ауданында, Шарль де Голль көшесі, 5-үй мекенжайында орналасқан.
Пәтердің бастапқы бағасы 363,2 млн теңге болып белгіленген. Сауда-саттық конкурс түрінде өткізіледі. Қатысу үшін 54,4 млн теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет. Өтінім қабылдау 2026 жылғы 22 қыркүйек күні сағат 09:55-те аяқталып, сауда сол күні сағат 10:00-де басталады.
Лот сипаттамасында пәтердің тұрғын ауданы 155,7 шаршы метр екені көрсетілген. Нысан 2012 жылы салынған тұрғын үй кешенінде орналасқан. Сондай-ақ құжаттарда коммуналдық төлемдер бойынша берешектің бар екені жазылған.
Сатушы ретінде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС көрсетілген. Аукцион құжаттарына сәйкес, саудаға жалғыз қатысушы тіркелген жағдайда да нысанды сату мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, соңғы жылдары мемлекетке қайтарылған активтер қатарындағы элиталық жылжымайтын мүліктер кезең-кезеңімен ашық саудаға шығарылып келеді. Осы пәтер де сондай нысандардың қатарына жатады.