Кітап авторы орыс филологы Ольга Видова өзін "назарбаевтанушы" ретінде таныстырады. Бұл оның Қазақстанның экс-президенті туралы жазған алғашқы еңбегі емес. Осыған дейін Елбасыға арналған екі бірдей кітабы жарық көрген.
Видова Назарбаевты заманынан озып туған, болмысы бөлек тұлға деп санайды.
"Назарбаев феномені" дейтін төл туындысында экс-президенттің қоғамдық-саяси қызметіне шолу жасайды, оның кәнігі саясаткерге айналуына септігін тигізген тарихи жайттарға тоқталады. Елбасыны "құбылыс" деп бағалап, одақ деңгейінде мойындалған санаулы саясаткерлердің санатына қосады.
Автордың пайымдауынша КСРО тұсында Назарбаевтың атақ-даңқы Қазақстанның масштабынан асып, одақ деңгейінде дүркіреген.
Кеңес үкіметінің күйрегеніне қатты қынжылатынын жасырмаған Видова "сәл күткенде Назарбаев күллі КСРО-ның тізгінін ұстар еді" – дейді.
Кітапта 1990 жылғы оқиғалар баяндалған.
"Дәл осы тұста Назарбаевты Кеңес үкіметінің вице-президенті қызметіне тағайындау туралы мәселе көтерілді. Егер бұл идея жүзеге асса, ешкім қарсы шықпас еді. КСРО қанатының астындағы ұлттық республикалар бұл шешімді оң бағалап, дұрыс қабылдар еді", – дейді автор.
Вице-президентті тағайындау туралы талқылауда Назарбаев сол тұстағы КСРО басшылығына өз талабын көлденең тартқан. Горбачевтың қолбаласы болмайтынын, вице-президентке нақты құзірет беріліп, билік аясы айқындалған жағдайға ғана ұсынысты қабыл алатынын жеткізген. Бұл Горбачевке жақпай қалған.
"Нәтижесінде бұл орынға өмірінде ірі өңірді басқарып көрмеген, саяси тәжірбиесі толыспаған олақ біреуді таңдап алды. Мұның ақыры немен аяқталғанын еске алмай-ақ қоялық", – дейді Ольга Видова.
КСРО-ның шаңырағы шайқалып, одақтас елдер жан-жаққа бытырап кеткеннен кейін Назарбаев вице-президент атанғысы келген арманымен біржолата қош айтысады.
"Ол Кеңес үкіметінің құлағанын қаламады. Бұл оның шын ниеті еді. КСРО қираса мұның соңы ірілі-кішілі катаклизмдерге ұласарын күні бұрын болжай білген санаулы саясаткердің бірі – Назарбаев-тұғын. Бірақ, болған іс болды. Өткенге өкінгеннен опа таппайсың.
Қазақстан империядан жырылып, өз күнін өзі көруге көшті. Назарбаев бұл арада да жаңылысқан жоқ. Енді ғана егемендік алған балаң мемлекеттің беталысын анықтап берді. Елбасының арқасында Қазақстан өзіндік даму арнасын тапты. Ең алдымен шекараны айқындады, ұлттық валютаны айналымға енгізді, сөйтіп елді рубльдің ықпалынан шығарды.
Айтып-айтпай не керек, ел басқарған 30 жылда Елбасының елге жасаған жақсылығын санамалар болсақ, он саусақ он қайтара бүгіледі. Елбасының еңбегі бір кітапқа сыймайды", – дейді ол.
КСРО құлағанмен де Назарбаев посткеңестік кеңістікті тұтастыру туралы ойынан бас тартпаған. 1994 жылы Мәскеу мемлекет университетінде сөз сөйлеп, бір кездегі одақтас елдерді біріктіру туралы көзқарасын ортаға салған.
"Ол тұста Ресейдің мұны ойлайтын мұршасы жоқ еді. Елдің эйфорияда жүрген шағы, басшылықтың есі кіресілі-шығасылы күйде...Назарбаевтың идеясы елеусіз, ескерусіз қалды. Алайда өзектілігі өлген жоқ. Кремль билігіне Путин келгеннен кейін Назарбаев ұсынған Еуразия концепциясына қан жүгірді", – дейді Видова.
Қазақстанды отыз жыл бойы басқарған Назарбаев орынтағын Тоқаевқа тапсырып кетті. Биліктен ың-шыңсыз, айғай-шусыз кетті. Әдемі қартая білді. Бұл басқаларға үлгі боларлық іс. Назарбаевтың нағыз саясаткер, көреген көшбасшы екенін дәлелдеген дүние болды.
Сөй деген Видова Тоқаевқа жеке тоқталып, оны Назарбаевтың сенімді серігі әрі адал шәкірті ретінде сипаттаған екен.
"Халықтың Назарбаевқа алғыстан басқа айтары жоқ. Ел Елбасының еңбегін лайықты бағалап оған Тұңғыш Президент - Ұлт лидері атағын берді. Бұл мәртебе Қазақстанның Ата заңында бекітілген", – дейді кітап авторы.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ