Абай облысында прокуратураның құқықтық түсіндіру жұмыстары кәмелетке толмағанға қатысты жасалған аса ауыр қылмысты анықтауға көмектесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
2025 жылғы 24 шілдеде Жарма ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандармен кездесу өткізіп, онда жеке қауіпсіздік, балаларды қорғау және құқық бұзылған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі түсіндірілген.
Кездесуден кейін аудан прокуратурасына кәмелетке толмаған қыз жүгініп, өгей әкесінің өзіне қатысты бірнеше рет заңға қайшы әрекеттер жасағанын мәлімдеген.
Сауалнама барысында қыз құқық қорғау органдарына жүгініп, қорғануға болатынын дәл осы түсіндіру жұмыстары кезінде білгенін айтқан.
Прокуратура тапсырмасымен дереу сотқа дейінгі тергеп тексеру басталып, іс бойынша жан жақты әрі объективті тергеу жүргізілген.
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен кәмелетке толмағанның өгей әкесі 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Облыс прокуратурасы азаматтарды балаларға қатысты зорлық зомбылық фактілерін жасырмауға және құқық қорғау органдарынан көмек сұраудан қорықпауға шақырды.
Қадағалау органы уақытылы жүгіну балалардың құқығын қорғауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.