Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 жастағы ұлы Тауман Назарбаевтың үйленгелі жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ulysmedia.kz мәліметінше, үйлену тойы Астанадағы The Ritz-Carlton қонақүйінде өтуі мүмкін. Басылым дерегінде салтанатты шараға кәсіпкерлер, саясаткерлер және Нұрсұлтан Назарбаев президент болған кезеңде жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлғалар шақырылуы ықтимал екені айтылады.
Сонымен қатар қонақүй аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілгені хабарланған.
Басылым қалыңдықтың Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұрынғы орынбасары Әділбек Сәрсембаевтың қызы екенін жазады. Алайда бұл мәліметтерге қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Тауман Назарбаев 2005 жылы дүниеге келген. Оның анасы – 1999 жылғы "Мисс Қазақстан" байқауының жеңімпазы Асель Исабаева.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Менің өмірім. Тәуелділіктен еркіндікке" атты мемуарында Асель Исабаевамен мұсылмандық дәстүр бойынша некеге тұрғанын жазған. Осы некеден Тауман және Байкен есімді екі ұлы бар екенін де айтқан.